Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қытайлық инвесторлар өңірімізде 10 балабақша салуды жоспарлап отыр

Бірінші кезекте, 320 орынға шақталған мектепке дейінгі мекеменің құрылысы қолға алынбақ. Ал жоба аясындағы барлық 10 балабақша 2016 жылға дейін салынады деп жоспарланған.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

 

– СҚО әкімдігі ең алдымен, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау шараларын қолға алады. Құрылыс жұмыстары жүргізілетін орынды таңдау керек. Жуық арада нақты шараларды қолға алуды көздеп отырмыз. 2015-2016 жылдарға жоспарланған барлық істі толықтай жүзеге асыру қажет.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде сондай-ақ, Петропавлдан Қорған бағытында РФ шекарасына дейін жол салынады. Әріатестік аясында құйылған инвестициялық қаржыны 30 жыл ішінде өтеу жоспарланған. Жоба құны 120 млн. долларға бағаланыпты.

Серік Мұхамедиев – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары.

– Қытайлықтар жол салуға инвестиция құйып, өздері құрылысын жүргізеді. Кейіннен бұл жолды жүк көліктеріне ақылы ету көзделіп отыр. Осының есебінен олар табыстың тиісті бөлігін өздері алып отырады. Құрылыс жұмыстары 2015-2016 жылдары жүргізіледі деп жоспарланған.

Өз кезегінде меймандар бұл әріптестік екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға септесетіндігін атап өтті.

Лю Чжаньхун- Қытай темір жол корпорациясы бірінші халықаралық істер басқармасының бөлім директорының орынбасары.

– Балабақшалар жеңілдетілген несиелендіру аясында, ал жол мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағытында салынады. Бұл инфрақұрылым бұрынғы «Ұлы жібек жолының» торабында жатыр. Сондықтан оның екі ел үшін де маңызы жоғары болмақ.

Жиында қытайлықтар Петропавлда тұрғын үйлер салуды да жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Магжан Ахмадина.