МТРА жаңалықтары

Қаладағы тағы бір жатахнаның іргесі сөгілуде

Татьяна Кузнецова – баспана тұрғыны.

– Барлығы жертөлеге ағады. Біз құбырлардағы тиектерді қысып қойдық. Кейін ол қалдықтар дүкендерге аға бастады, содан ысырмаларды қайта босатуға тура келді. Енді міне, үнемі аққан сұйықтықтың кесірінен жертөледе шұңқыр пайда бола бастады. Қалдық су үйдің іргесін де шайып жатыр. Біздің баспанамыз да Интернационал көшесіндегі жатақхана сияқты қирап қала ма деп қорқамыз. Біздің соңғы үмітіміз телеарна арқылы бір көмек табу.

Жертөленің қазіргі жағдайы жүрек айнытарлықтай. Кәріздік жүйеден аққан бүкіл нәжіс жертөлеге лық толған, жағымсыз иіс мұрынды жарады. Тұрғындар тозығы жеткен желілерді ауыстыру үшін өз қаражаттарына жаңа құбырлар сатып алған көрінеді. Алайда жертөленің бүгінгі жағдайы онда қандай да бір жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, жаңа құбырлар да іске жарамай, таттанып кеткен.

Людмила Рыжикова – баспана тұрғыны.

– Біз қайтадан әр тұрғыннан 10 мың теңгеден жинауды ұйғардық. Алайда, жатақханадағы бөлмелердің 30 пайызы жалға берілген. Сондықтан, ақша жинау жағы машақатты болып тұр. Дүкендердің де ортақ іске қаражат бөлгісі жоқ. Жалғыз біздің ғана ақшамыз жыртыққа жамау да болмайды.

Тұрғындар мәселелерін біржақты ету үшін билік басындағылардан көмек те сұраған. Олардың шағым жасап, бармаған жерлері қалмады. Алайда әзірге өтініштері жауапсыз қалуда.

Бір жағынан, бұл жағдайға тұрғындар «Қызылжар су» ЖШС-нің қызметкерлерін де кінәлауда. Олар құдықтардың ішін тазалауға келсе, қызмет ақысын талап етеді дейді. Ал істеген жұмыстарының өзі шала.

Десе де, «Қызылжар су» ЖШС-і мамандарының жағдайға қатысты ойлары басқаша.

Ербол Набиев, «Қызылжар су» ЖШС су қайыру кешенінің басшысы.

– Үйдің ішіндегі кәріз жүйелер үшін тұрғындардың өздері, шаруашылық жүргізуші мекеме, яғни ПИК-і немесе баспананы басқару ұйымдары жауапты. Біздің бұған қатысымыз жоқ.

Осылайша, баспананың алдағы уақыттағы жай-күйі ешкімді алаңдатпайтынға ұқсайды. Ендігі кезекте тұрғындарға баспаналарын ауыстыру керек немесе өз күштерімен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізулеріне тура келеді.

Риат Шони.