Энергетика

Энергетиктер форумы

 

 

Қазақстан энергетикасы саласы ардагерлерінің кеңесі 2009 жылы құрылған. Аталмыш ұйымға мүшелік ететін аға буын өкілдері содан бері еліміздің әр өңірінде бас қосып, іргетасын өздері қалаған саланың бүгіні мен ертеңін талқылап келеді. Кезек біздің облысымызға да жетті.

 

Владимир Бубенко, СҚО әкімінің орынбасары:

-Форум мүшелерін облыс әкімінің атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздердің жүріп өткен еңбек жолдарыңыз кімге болмасын өнеге. Аға буынның отандық энергетиканың дамуына әлі де болса зор үлес қосатынына сенім мол. Өмірлік тәжірибелеріңіз сарқылмасын.

 

Аталмыш жиынға тек еліміз ғана емес, сонымен қатар ТМД елдерінің ардагер энергетикетері де атсалысты. Алқа отырысының мақсаты еліміздің энергетика секторындағы мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру. Осы арқылы қарар қабылданып, ол форум мүшелері атынан мемлекеттік органдарға жолданады.

 

Зоя Томаш, Украинаның энергетика саласы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары:

-Украинаның ардагер энергетиктер ұйымы 1975 жылы құрылған. Бүгінде біз өзіміздегі энергетика кәсіпорындарына жаңа технологиялар енгізу мәселесімен айналысудамыз. Көнекөз қарттардың жастарға айтар ақылдары ешқашан артық етпейді деп ойлаймын.

 

Форумда энергетика саласына жетекшілік ететін бірыңғай ведомство құру төңірегінде әңгіме өрбіді. Себебі бұл қызметтер бөлек-бөлек, сондықтан аталмыш саланы тексерумен түрлі органдар айналысады. Бұл жұмыстар бір орталықтан жүргізілуі керек дейді аға буын өкілдері.

 

Шаймерден Оразалинов, Қазақстанның электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы:

-Елімізді электр энергиясымен қамтамасыз етуде әлі қыруар іс тындырылуы керек. Бұл ретте аталмыш саланы одан әрі дамытудың нақты бағыттарын айқындауымыз қажет. Ол біріншіден халықты арзан бағалы электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашса, екіншіден ел экономикасының өрістеуіне мүмкіндік бермек. Ұзақ мерзімді бағдарлама әзірлеуде сіздердің көмектеріңіз ұшан-теңіз боларына сенім мол.

 

Алқа отырысы соңында бірқатар ардагерлер Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы мен облыс әкімінің “Құрмет грамотасы”,  Алғыс хаттарымен марапатталса, енді бірқатары “Ардагер энергетик”, “Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының еңбек сіңірген энергетигі” атақтарына ие болды. Солардың бірі – Виктор Тен.

 

Виктор Тен, ҚР ардагер энергетигі:

-Мен энергетика салысында 40 жылдан астам еңбек еттім. Оған еш өкінбеймін. Жастық шағым қайта оралып, алдыма мамандық таңдау мүмкіндігі тағы бір рет қойылса, онда ойланбастан осы кәсібімді таңдар едім. Бүгінгі күні еңбегімді елеп, құрмет көрсетіп жатқандары үшін әріптестеріме айтар алғысым шексіз.

 

Салтанатты жиыннан соң форум делегаттары облыс орталығындағы бірқатар тарихи-мәдени ошақтарды аралап, экскурсия жасады.

 

Самат Есмағи

 

/p