Білім

Өңірдің үздік түлектері марапатталды

 

 

Қимас балалық шақпен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектер үшін бұл күн ерекше айтулы. Ата-аналар мен ұстаздарға олар кеше ғана мектеп табалдырығын аттағандай. Енді жауапты үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Ал, бұл жиынның басты сәні өз қатарластарының алды, ата-анасының мақтанышына айналған түлектер. Қаз-қатар тізіліп, жүздері бал-бұл жайнаған қыз-жігіттерге облыс әкімі Ерік Сұлтанов сәттілік тіледі.

Биыл ҰБТ нәтижесі бойынша облыста орташа ұпай 77,84-ті құрады. Солтүстікқазақстандық түлектердің 32-сі «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдей алды. Олармен бірге ерекше аттестат алған 33 оқушы мен халықаралық білім бәйгелерінде жүлдегер атанған 64 түлек және ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға облыс әкімі мектеп бітіру туралы құжаттары мен ақшалай сыйлық берді.

Осы күні өңір жетекшісінің қолынан «Алтын белгіні» алу құрметіне бөленгендердің қатарында Сәбит Мұқанов атындағы Тимирязев мектеп-гимназиясының түлегі Әлия Байжанова да бар. Әлия ҰБТ 125- ұпайдың 120 жинады. Сөйтіп, өңірімізде ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Енді, ата-анасы мен мұғалімдердің үмітін ақтаған түлек алдағы өмірін денсаулық сақтау саласымен байланыстырсам дейді.

Халықаралық байқаулар мен олимпиадаларда топ жарған Бексұлтан Кұлмағамбетов та осында. Қазақ-түрік лицейінің түлегі айтулы күні облыс әкімінің сыйақысын алды.

Шынында да, оқушының жеңісі, ұстаз еңбегінің жемісі екені рас. Сондықтан, ұстаздар қауымы өздерінің 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан оқушыларын қимайтыны жасырын емес. Бұл түлектер өз мектептерінің тарихында қалады. Сондықтан да 2014 жылдың үздік түлектерінің алғыстары мен тілектері жазылған “Жарқын болашаққа қадам” атты кітапты ізбасарларына салтанатты түрде табысталды.

2014 жылдың үздік түлектеріне ата-аналар да сәт сапар тіледі.

Сонымен, мектеп өмірі артта қалды, енді алға, жарқын болашаққа жаңа мақсат-арман жетелейді. Жауапты өмірге қадам басқан түлектер көкейлеріндегі армандарының орындалуын тілеп, аспанға түрлі-түсті шарларды қалықтатты.

Салтанатты шара  2014 жылдың үздік түлектерінің би кешіне ұласты.

Бану Ахметова