Құқық қорғау органдары

Теміржолда тәртіп бұзғандарға бес айда 1 млн тенге айып салынды

 

Үстіміздегі жылдың 5 айы ішінде Петропавл станциясының ішкі істер желілік бөліміне барлығы түрлі заңбұзушылықтарға қатысты 1212 материал келіп түссе, соның ішінде 71 пайызының ізі суымай ашылыпты. Биыл өткен жылмен салыстырғанда өзгенің мүлкін ұрлау фактілері көбейген.

 

Арман Ысқақов, Петропавл станциясы ішкі істер желілік бөлімінің штаб бөлімшесінің бастығы:

-Биыл өткен жылмен салыстырғанда біреудің мүлкін ұрлау фактілері жиілеп кетті. Олардың 9-ы ұялы телефондарды ұрлау мен жоғалтып алуға қатысты. 6 қылмыстың бірден беті ашылды. Осы тектес заңбұзушылықтар мен есірткі заттарын тасымалдауға қатысты фактілерді азайту мақсатында рейдтік шараларды жиі өткіземіз.

 

Осылайша, биылғы 5 айдың ішінде есірткі бизнесіне қатысты 7 қылмыс тіркеліпті. Тәртіп сақшылары есірткі затын өткізудің 2 фактісін, осынша контрабанда мен есірткі затын заңсыз сақтауға қатысты тағы 3 жәйтті тіркеген.

 

Арман Ысқақов, Петропавл станциясы ішкі істер желілік бөлімінің штаб бөлімшесінің бастығы:

-Биыл заңсыз айналымнан барлығы 2 кг 289 грамм әр түрлі есірткі заты тәркіленіп алынды, оның ішінде марихуана 1 кг 789 грамм, 23 грамы – героин және 476 грамы гашиш. Ал әкімшілік полиция қызметіне келетін болсақ, осы уақыт аралығында 1288 адам түрлі әкімшілік жауапқа тартылды.

 

Сонымен қатар Петропавл станциясындағы ішкі істер желілік бөлімі теміржол вокзалындағы қауіпсіздікті де назардан тыс қалдырмайды.

 

Бақыт Сәдуақасов