ТКШ

Шал ақын ауданында антимонополиялық заңға қайшы қызмет еткен кәсіпорын қызметі уақытша тоқтатылды

 

 

Өткен жылы Шал ақын ауданында «Сергеевка СК» ЖШС құрылған болатын. Олар елді мекеннен қалдықтарды шығарып, қаланы абаттандыру шараларымен айналысқан. Кейін анықталғандай, 1 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келген кәсіпорын монополияға қарсы инспекцияның қолдаухатынсыз қызмет атқарған. Яғни, серіктестіктің бұл әрекеті заңға қайшы болып шықты.

 

Наталья Шаяхметова, СҚО бойынша монополияға қарсы инспекция басшысының орынбасары:

-ҚР «Бәсекелестік туралы» заңының 31 бабына сәйкес 50 пайыздық акциялары мемлекетке тиесілі мекемелер мен заңды тұлғаларды тіркеу тек монополияға қарсы инспекцияның келісімімен ғана жүргізіледі. Яғни, біздің органға олар тиісті формаға сай қолдаухат жіберу керек. Ондай құжатты қарау мерзімі 60 күнтізбелік күнді құрайды.

 

Қазіргі күні кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты.

 

Наталья Шаяхметова, СҚО бойынша монополияға қарсы инспекция басшысының орынбасары:

– Жалпы инспекция 18 қазан мен 20-шы қараша аралығында Шал ақын ауданының әкімдігінде монополияға қарсы заңды бұзу фактілері бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізді. Сол уақытта кәсіпорынның жұмысын 30 маусымға дейін тоқтату қажеттігі туралы хаттама толтырылды.

 

Жалпы жыл басынан бері монополияға қарсы инспекция мамандары 2 істі сотқа жіберген. Олардың бірі жұмыртқа өнімдерін өндірушілерге, енді бірі – домофон орнатушы компанияларға қатысты орын алған. Бағаны негізсіз көтергендердің ісі қазіргі күні сотқа жіберілген. Алғашқылары кінәлі болып табылса, 3 млнға жуық, ал соңғылары 2 млн теңгеге жуық айыппұл төлейтін болады.

 

Мағжан Ахмадина