Мәдениет

Сахнада өткен 55 жыл

 

 

Жарты ғасырдан астам тарихы бар ұжымның концертін тамашалауға келген халықтың қарасы қалың. Мерейтойлық шараның шымылдығы соғыс жылдарындағы әйгілі “Синий платочек” әніне дайындалған бимен ашылды. Өйткені, “Дружные ребята” халық би ансамблінің іргетасын қалаушы Клавдия Седованың балалық шағы осы қиын-қыстау жылдарға тұспа-тұс келген. Жас болса да, ауруханада ақ халаттыларға көмегін көрсетіп жүрген кезінде ол жаралы сарбаздардың көңілдерін көтеру үшін арнайы келген өнерлі жастардың биін тамашалапты.

Одан кейін кеште “Балалық шаққа шолу” мен “Мектеп түлектерінің” билері орындалды. Ұжымның мерейтойлық концертіне оның негізін қалаушы, әйгілі балетмейстер, өнерде жетістікке жеткені үшін бүкілодақтық кәсіподақтар  орталық кеңесі төсбелгісінің иегері Клавдия Седованың өзі де болды.

Мерейтойлық концерт ойдағыдай өтіп жатса да, сахна сыртында жүрген бишілердің бойында қобалжу байқалады. Алайда ұжымды 35 жыл бойы басқарып келетін Расима Сучкова оларға соңғы ақыл-кеңестерін беріп, үрейлерін басуда.

 

Расима Сучкова, «Дружные ребята» халық би ансамблінің жетекшісі:

– Мен бұл ұжыммен 35 жыл жұмыс жасап келемін. Балалар тәртіпті, оларға бар білімімді беріп келемін. Бізге бүгін 55 жыл толып отыр. Арамызда кішкентай балалар болса да, ұжымның тарихы мол. Осы балғындардың арқасында мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағына қол жеткіздім.

 

Ансамбльді мерейтойымен құттықтауға «Звонница наследие» казак вокалдық хореографиялық би ансамблі мен өзге де өнер жолындағы әріптестері келген.

 

Сабина Агеева, «Дружные ребята» халық би ансамблінің бишісі:

– Менің бұл ұжымға келгеніме 14 жылдан астам уақыт болды. Маған “Дружные ребятада” билеген ұнайды. Бүгін керемет билерді ұсынудамыз, киімдеріміз де әдемі. Халыққа айтарым – біздің ұжымға келіңіздер, балаларыңызды үйірмеге жіберіңіздер, артынан өкінбейсіздер.

 

Мерекелік кеште қазақтың «Қарлығаш» биі де көпшілік назарына ұсынылды.

55 жылда ұжымнан талай бишілер түлеп ұшты. Олардың жеткен жетістіктері аз емес. Алайда, “Дружные ребята” сапында жүрген бүгінгі бишілер мұнымен тоқтап қалмаймыз дейді.