Мәдениет

Ашық аспан астындағы кітапхана

 

 

Жомарт Маметов жазғы оқу залына аптасына 3 рет келіп тұрады. Оған жаздың жайма шуағында кітапты ғимараттың ішінде емес, таза ауада оқыған әлдеқайда ұнайды екен. Жалғыз жүрмей, ағалық пейілін танытып, соңынан інісі Рустамды ертіп, оны да ертегілер оқуға баулып жүрген жайы бар. Жомарт көбінесе қазақ тілінде басылған әлем балалар әдебиетін оқығанды ұнатады. Онда вьетнам, француз, неміс тағы да басқа әлем елдері жазушыларының шығармалары жинақталған.

Қайржан Маликова осы мекемеде кітапханашы міндетін атқарады. Ол жалғыз қызы Аяулымды үйде қалдырмай, осы жазғы залға әкеліп, ойын ойнатып, балаларға арналған журналдарды оқытқызады. Жалыққан кезінде үлкен теледидардардан сүйікті мултьфильмдерін көрсетеді. Бұл өз кезегінде баланың ойлау қабілетінің дамуына үлкен көмек дейді кейіпкеріміз.

Биыл кітапхана қоры 700 шақты басылыммен толықса, соның 300-дейі қазақ тілінде жарық көрген. Оған қоса теріскейліктер мұнда жеке кітапханаларынан өздері оқыған Ресей мен шетел классиктерінің шығармаларын да әкеліп тапсыра алады. Кейін оны кез-келген адам оқуға тегін ала алады екен. Сондай-ақ кітапханада тегін, құпия кодсыз Wi-Fi қызметі жұмыс істеп тұр.

Ашық аспан астындағы жазғы оқу залы қыркүйектің 1-іне дейін оқырмандарды қабылдайды.

 

Берік Қасен