Бүгінгі күні облыс аумағында 3,5 мыңнан астам өзен-көл мен тоғандар бар. Оның ішінде 760-ы шаруашылық мақсатта пайдаланылуда. Жазғы уақытта өңірімізде 22 демалыс орны мен 18 сауықтыру алаңдары жұмыс жасайды. Оларды бақылап, суға кеткендерді құтқарып отыру – өңір мамандардың мойнында.
Виктор Держанский, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің басшысы:
-Суға түсу ережелерін сақтамай, қаза болып жатқан теріскейліктер саны азаяр емес. Мысалға, 2012 жылы 50 тұрғын суға кетсе, оның 1-уі бала. 2013 жылы 39 адам су құрбанына айналған. Бұл көңіл көншітерлік жағдай емес. Тек осы жылдың өзінде 8 адам суға түсу ережелерін сақтамау салдарынан қаза болған. Нәтижесінде өткен 3 жылдың өзінде 97 тұрғын қайтыс болса, оның 6-уы кәмелет жасына толмағандар.
Аптап ыстықта өзен жағалап, суға түсушілер қауіпсіздік ережелеріне көңіл аудара бермейді. Құтқарушылар белгіленбеген жерде шомылып, мас күйінде суға енетін жерлестеріміздің қатары қалыңдап барады дейді. Оған қоса балалар да тілсіз жаудың құрбаны болып жатады. Төтенше жағдай қызметкерлері жеткіншектердің ата-ананың қарауынсыз өзен жағалағаны дұрыс емес дейді. Бұл бағытта ересектермен талай рет түсіндіру жұмыстарын да жүргізген.
Асхат Бәкішев, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды алдын алу бөлімінің басшысы:
-Осы күні суда құтқару қызметі арнайы суда құтқару мамандармен қамтылған. Олардың жұмысына қажетті 36 суға түсу құралы, 6 бірлік техника, 20 киім мен 18 демалу аппараттары бар.
Облысымыздың суда құтқарушылары күн сайын өңірдегі өзен-көлдер мен тоғандарында кезекшілік етеді. Бастысы, апаттың алдын алған жөн. Қарапайым суға түсу ережелерін әр адам бұлжытпай орындаса, орны толмас қайғылы жағдайлар аз болмақ.
Бақыт Сәдуақасов