Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңір активіне жаңа орынбасарын таныстырды. Енді өлкедегі құрылыс, жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, төтенше жағдайлар саласына Владимир Бубенко жетекшілік ететін болады.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

Ол еңбек жолын Калинин атындағы совхоздың аға диспетчерінен бастады. Облысымыздың Булаев және Соколов аудандарында түрлі мемлекеттік қызметтерде еңбек етті. Қызылжар, Есіл, М. Жұмабаев аудандарының әкімі болды. Лауазымды қызметке ұсынылуға дейін Мамлют ауданына жетекшілік етті.

 

Өңір жетекшісі жауапты қызметке тағайындалған Владимир Бубенкоға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

Баспана мен әлеуметтік нысандардың құрылысы, жолдарды жаңғыртуды бақылауда ұстау керек. Жолаушылар тасымалының сапасына көңіл бөлген жөн. Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуды тапсырамын. Бүгінде инфрақұрылым мен инженерлік желілердің әбден тозығы жетті. Оларды жаңарту ісін қолға алу керек.

 

Сондай-ақ, облыс әкімінің жаңа орынбасарына өңіріміздің инновациалық әлеуетін назардан тыс қалдырмау міндеттелді.

 

Жеңіс Ермұқанов