Қоғам

Қайырымды жандардан көмек қажет!

 

 

Міне, зағип болғанына қарамастан, Наталья Бладыконың өмірі күнделікті осылай өтеді. Ол массаж қызметін көрсетіп күнін көріп жүр. Тапқан напақасын ауылдағы ұлы мен әке-шешесінің қажетіне жұмсайды. Натальяның көздері 14 жасында сыр беріп, көп ұзамай ол мүлдем жанарынан айырылып қалған. Жасөспірімнің көзіндегі тор қабығының қабаттана бастағанын дәрігерлер тым кеш байқаған. Дегенмен, шетелде 50 мың АҚШ долларына жасалатын отаның көмегімен Натальяның әлі-ақ жарық дүниені көру мүмкіндігі бар. Алайда, бүгінде 29-ға келген жерлесіміз үшін бұл ота қалта көтерерлік емес. Мұның үстіне, Натальяның бұдан басқа шаруасы да жетіп артылады. Оның асқақ арманы – қаладан пәтер алып, ұлын өз қолына көшіру.

 

Наталья Бладыко:

– Қалада жұмыс істеп жатқан 1 жылдың ішінде баламды не бары 4 рет көрдім. Жол алыс, 240 шақырым. Ауылда сылау қызметтеріне деген сұраныс жоқ. Ұлымды облыс орталығына көшіріп әкелуге де жағдайым жарамайды. Өзім пәтер емес, бөлмені жалға алып тұрамын.

 

Десе де, Наталья ешқашан жарқын болашағынан үміт үзген емес. Ол қашан да ашық-жарқын, көңілді жүреді. Тіпті, тағдырына налитын уақыты да болмайды, дене сылаушының қызметіне жүгінетіндердің қатары қалың.

 

Светлана Марченко, Натальяның клиенті:

– Білікті маман. Үстіртін жұмыс істеген кезі болған емес. Ол әрқашан ақшасын адал табуға тырысады.

 

Татьяна Молоткова, Натальяның клиенті:

Ол өте мейірімді, мінезі ашық адам. Оның ішкі жан қуатын байқау қиын емес.

 

Натальяның бүгінгі панасы – мына жалға алып тұратын шағын ғана бөлме. Жарқын жүзді жерлесіміз баспананың иесімен де тез тіл табысып кеткен.

 

Галина Арендарь, Натальяның құрбысы

– Оған қаржылық проблемаларды айтпағанда, моральдық тұрғыдан өте қиын. Десе де, ол өте қайратты жан. Үйден таңғы 10-да кетіп, кешкі 9-дар шамасында ғана оралады. Бұның бәріне баласына көмек көрсету үшін төзіп жүр.

 

Наталья мемлекеттен пәтер берілгенге дейін уақытша баспана табылса екен деп отыр. Өйткені ол облыс орталығында үйге өтініш  бергендердің тізімінде 3 140-шы орында тұр.

 

Наталья Бладыко:

Қала әкіміне талай бардым. Ол маған күту керек, шыдау керек деді. Сол тағатсыздана күтумен өмір сүріп келеміз.

 

Наталья – өте төзімді жан. Сондықтан, бұған да мойынсұнып, өз кезегін күтуге бар. Дегенмен, ұлына деген сағынышы оның бұл төзімділігіне дес берер емес. Іштен жегідей жеген тағы бір проблема – ұлының денсаулығы. Тұқым қуалаған ауру Артурдың көзіне де әсер етуде. Ал Наталья баласының өз тағдырын қайталағанын қаламайды. Сол үшін осыннан баспана тауып, Артурды қала дәрігерлеріне уақтылы көрсету қажет. Бүгінде оның алақаны ашық жомарт жандардың көмегіне үміттенгеннен басқа амалы жоқ.

 

Гүлмира Шоқтыбаева