Денсаулық сақтау

Протез-ортопедия орталығы қызметіне жүгінушілер қатары қалың

 

 

Жергілікті протез-ортопедия орталығы еліміздің Астана, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстары мен өңір тұрғындарына қызметін көрсетеді. Мұнда көбіне аяқ-қолынан айырылған мүгедектермен бірдей, туа біткен науқастарға да протез-ортопедиялық бұйымдар әзірленеді. Мекемеге келіп, ортопедиялық бұйымдарды жасатуға тапсырыс беретін ел тұрғындарының саны бір сәтке де сейілген емес. Мысалға, Қарағанды облысының тұрғыны Елена Лютая, ұлы Игорь Кузьминге жасанды аяқ жасату үшін арнайы осы орталыққа келген екен. 23 жасар жігіт бір жақ аяғынан қыстың қақаған аязында айырылыпты.

 

Елена Лютая, Қарағанды қаласының тұрғыны:

-Баламның аяғынан айырылып, мүгедек болғанына 6 жылдай болды. Осы мекемеге келіп, тапсырыс бойынша жасанды аяқ жасаттық. Қазір жағдайы жаман емес. Балам туғанынан сөйлемейді. Дегенмен, мылқау болса да, еркін қозғалып, аяққа тұрғанына қуанышты. Орталықта жүргенімізге 2 аптадай уақыт болды. Бұйыртса, жақын күндері үйімізге барамыз.

 

Кәсіпорын негізінен тендерге түсіп, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. 2013 жылы 7236 адамға өмірге қайта оралуға септессе, олардың 5501-не мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетіпті. Сондай-ақ орталыққа келген емделушілерге арнап, 75 орынға шақталған жатын бөлмелер де қарастырылған. Мұндағы науқастар күніне 3 рет тамақтанып, емдеуге дейінгі және кейінгі шаралардан өтеді. Оған қоса емделушілер жаттығу залында міндетті физиоемдеу шараларын қабылдайды.

 

Николай Петров, “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының директоры:

-Мекеме облысымыздың 5 аймағының тұрғындарына қызмет көрсетуде. Бүгіндері протез-ортопедия орталығында 82 қызметкер жұмыс жасайды. Олардың орташа айлық еңбекақысы 120 мың теңге шамасында. Жуырда 4 маманымыз Ресейдің Санк-Петербург қаласында арнайы оқудан өтіп, біліктіліктерін арттырып келген болатын. Орталықты заманауи құрал-жабдықтармен жаңартып отырамыз.

 

Орталықта протез және аяқ-киім цехтары жұмыс істейді. Қазір протез жасау бөлімінде 7 білікті маман еңбек етуде. Жасанды аяқ дәстүрлі және дәстүрлі емес технология бойынша әзірленеді. Мына жерде ерлер мен әйелдерге арналған протездер дайындалуда.

 

Владимир Скрипко, механик-протезші:

Бұл әйел мен ер адамдардың жасанды аяқтары. Әр адамның аяғын жекелей даярлаймыз. Өйткені келушілердің аяқ өлшемдері алуан түрлі. Бұл жасанды ортопедиялық бұйымға мүгедектер тез үйреніп кетеді.

 

Ал аяқ киім цехында мүгедек балалар мен аяғында ақауы бар емделушілерге арнайы аяқ киім даярланады. Олар тек клиенттің аяқ өлшеміне сай дайындалады.

 

Светлана Энгель, өндірістік цех басшысы:

-Орталықта 2 цех мүгедектерге аяқ киім әзірлейді. Бұл жердегі қызметкерлер арнайы семинарлардан өткен өз ісінің білікті мамандары. Барлық тапсырыстарды уақытында орындаймыз. Сапасына қатысты әлі бірде-бір шағым болған емес.

 

Протез-ортопедиялық орталық жетекшісі тұрғындарға сапалы өнім дайындауды басты жолға қойған. Дегенмен, мұндағылар жасанды аяқ-қол бұйымдарын жасауға келетін мүгедектер санының көптігіне алаңдаулы. Тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар мүгедек жандармен қатар, қант диабеті мен жол-көлік апатынан сал болып қалған ел тұрғындарының саны жыл санап артып келеді.

 

Бақыт Сәдуақасов