Билік

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бірқатар басшылардың жұмысын сынға алды

 

Селекторлық байланысқа шыққан аудан әкімдері мен бюджеттік бағдарлама әкімшілері жергілікті қазынаның шығыс және кіріс бөлігінің 6 айда орындалу қорытындысы қарсаңында облыстық әкімдікте жиналып отыр. Оған дейін шамалы уақыт бар. Сондықтан, әзірге 5 айдың ғана нәтижелері таразылануда. Осы уақыт аралығында жылдық бюджет шамамен 42 пайызға орындалуы тиіс-тін. Алайда, бұл жұмыс сылбыр жүріп жатыр. Жиында ашқан облыс әкімі ендігі жерде жағдайды мықтап қолға алуды тапсырды.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

-Жергілікті бюджетті орындау – тікелей мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, Елбасының жолдауында берілген тапсырмаларды орындау, түптеп келгенде халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздық деңгейінің жоғарылауына жол бермеу, индустриялық-инновациялық дамуды, шағын және орта бизнесті қолдап, агроөнеркәсіп кешенін дамытуды көздейді. Дегенмен, бюджетті орындауда түрлі деңгейдегі бағдарлама әкімшілері жоспарды игере алмай отыр. Салық түсімдерін арттыруда еш өсім жоқ. Жаңа жұмыс орындары мен шағын және орта бизнес нысандарын ашуда мардымды іс тындырылып жатқан жоқ.

 

Сөйтіп, сандарды сөйлетсек, 5 айдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджет 104,9 пайызға орындалған. Осы уақытқа жоспарланған 10 млрд. 209 млн теңгенің орнына бюджет 10,71 млрд-қа, яғни 501 млн. теңгеге асыра орындалды. Аудандар мен қаланың өз бюджеттері 109,6 пайызға игеріліпті. Дегенмен, облыстық бюджетті орындауда бірқатар аудандар жоспарға ілесе алмай келеді.

 

Қайрат Жолмұхамбетов, СҚО бойынша салық департаментінің жетекшісі:

Облыстық бюджет 99,8 пайызға орындалды. 5 айға 4 млрд. 859 млн. теңге межеленген болатын. Облыстық бюджетті 9 бірдей аудан игере алмады. Арасында ең төмен көрсеткіш Айыртау ауданында – 67 пайыз шамасында, нәтижесінде 77 млн теңге облыс қазынасына түспей қалған. Уәлиханов және М. Жұмабаев аудандарында облыс бюджетінің жоспарын орындамау 68 және 80 пайыздарды құрады.

 

Өңір бюджетін игермегендердің қатарында М.Жұмабаев, Аққайың және Мамлют аудандары да бар. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда өсім бар, 2013 жылдың 5 айына қарағанда, өсім қарқыны жергілікті бюджет бойынша биыл 3,5 пайызды немесе 361 млн. теңгені құрап отыр.

Селекторлық байланысқа шыққан әр аудан әкімі өздеріне қарасты аумақтарда жергілікті бюджеттерді игеруде жол берген олқылықтарына жекелей тоқталып, жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жоспарды 100 пайыз іске асыратындарын жеткізді. Көпшілігі бюджеттің шығыс бөлігінің орындалмауына байқаулардың кеш өткізілуін сылтаулатуда. Мысалы, Ақжар ауданында “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында 6 елді мекенге су тарту көзделген. Алайда, бүгінде, бір нысан бойынша тиісті байқаулар өткізілмепті. Осының салдарынан 85 млн. теңгенің уақтылы игерілмейтін түрі бар. Тек Ғ.Мүсірепов, Есіл және Тимирязев аудандарындағы жергілікті бюджетті, оның ішінде облыстық және аудандық бюджеттерді игеру көрсеткіштері әлдақайда жақсы.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

Қала және барлық аудан әкімдеріне және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне тапсырамын: біріншіден, жергілікті және облыстық бюджеттер жоспарға сәйкес орындалуы тиіс. Екіншіден, бюджеттің кіріс бөлігін игеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу қажет, еңбеккерлердің жалақысын өсіріп, жаңа өндіріс ошақтарын ашу міндеті тұр. Жалақыны уақтылы төлемеу фактілерін болдырмау қажет. Мысалы Тайынша ауданында жұмысшылардың еңбекақысын мерзімінде бермеу фактілері бар. Осы ауданда бройлер құс фабрикасын ашып, бюджет түсімін арттыруға болады. Аудан әкімдері осындай мүмкіндіктерді қалт жібермеуі тиіс.

 

Жалпы облыс бюджетінің шығыс бөлігі 5 айдың қорытындысы бойынша 90,7 пайызға ғана орындалған. 4 млрд теңгеден астам қаржы игерілмей қалыпты. Республикалық бюджеттен қарастырылған трансферттер де не бары 82 пайыз шамасында орындалды. Сондықтан облыс әкімі бюджеттік бағдарламалардың барлық әкімшілеріне іске қарқын қосып, биылға бөлінген қаражатты 100 пайыз игеруді тапсырды. Бұл шаруаға сылбыр қарап, өзіне жүктелген міндеттерді орындамағандарға тиісті тәртіптік жаза қарастыралатын болады деді Ерік Сұлтанов.

 

Гүлмира Шоқтыбаева