Қылмыс

Көлікті сұрап алып, қайтармай қойған

 

“Көршілер бақылауы” сенім телефоны бойынша тәртіп сақшыларына 20 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Жапа шегуші өзі аз танитын жігітке бірнеше минутқа теміртұлпарының тізгінін сеніп тапсырғанын айтқан. Алайда, күдікті сол кеткенінен ізін жасырыпты, ұялы телефонын да сөндіріп тастаған.

 

Ерболат Кабуров, Петропавл қ. ІІБ учаскелік полиция инспекторы:

– Бізге зардап шегушіні алдап, автокөлікті айдап әкету жөнінде хабар түсті. Жедел іздеу шарасы барысында тап осы «Ауди 80» маркалы автокөлік қаланың “Зайсан” ауданында табылды. Сезікті бірден полицияның бірінші бөліміне жеткізілді.

 

20 жасар сезікті Шал ақын ауданының тумасы болып шықты. Жас жігіт бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ол көлік иесіне хабарласа алмадым, сондықтан машинаны уақытылы қайтармадым деп ақталуда. Қазіргі таңда қылмысқа қатысты материалдар полицияның бірінші бөліміне тапсырылды. Жыл басынан “Көршілер бақылауы” бағдарламасы аясында сенім телефонына қылмыс пен құқық бұзушылық жөнінде 756 хабар түсіп, 271 алдын алу кеңесі өткізілген.