Денсаулық сақтау

Дәрігерге кезек көп

2013 жылдан бері өңіріміздегі денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелмепті. Оның бәрі қатаң бақылауда деп атап көрсетті «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берген ведомство басшысы.

 

Қабдірахман Сақтағанов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі:

-Сыбайлас жемқорлық мәселесі көп жағдайда мемлекеттік сатып алу барысында орын алады. Біз оның мөлдірлігін қамтамасыз ету үшін байқаудың өткізілетіні туралы мерзімді басылымдарға үнемі хабарландырулар беріп отырамыз. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға қатысты ақпараттар басқарманың веб-сайтында да көрініс табады. Мемлекеттік сатып алуға қатысты 2011 бірінші қаңтарынан күні бүгінге медицина қызметкерлері тарапынан ешқандай сыбайлас жемқорлық фактілері орын алған жоқ.

Қоғамдық кеңес мүшелері денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты тиісерге қара таппады. Бірақ одан басқа мәселелердің шетін көтерді. Оның бірі – мемлекет қазынасынан қомақты сомаға алынған заманауи медициналық қондырғылардың тиісті деңгейде жұмыс істемеуіне қатысты болды.

Емдеу мекемелерінде шешімін күткен мәселелердің тағы бірі – дәрігер қабылдауына келген бұқараның сарыла кезек күтуінде. Бұл жерде тамыр-таныстық пен туыстық қатынастарға көптеп жол беріледі.

Елбасы “дені сау ұлт – ел болашағы” деп атап көрсеткен болатын. Бұл ретте аталмыш саланы жаңа белеске көтеруде мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп, түрлі бағдарламалар қабылданып жатыр. Ал олардың орындалуына медицина қызметкерлері жүрдім-бардым қарамаулары тиіс. Жиын түйіні осы.

 

Самат Есмағи