Билік

Петропавлдағы әлеуметтік нысандар құрылысы – облыс әкімінің ерекше бақылауында

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ең алдымен Береке ауданында құрылысы жүргізіліп жатқан мамандандырылған ХҚКО жұмысымен танысты. Нысанды тұрғызуға 850 млн теңге қаржы бөлінген.

 

Андрей Капустин,«Альфа-Север»ЖШС директоры:

-Жұмыстар мамыр айының 20-сы басталды. Қазір ғимаратқа кәріздік желілер мен су құбырларын өткіздік. Жоспарды жыл соңына дейін аяқтаймыз.

 

Құрылыс алаңы жым-жырт. Техника да, адам да көрінбейді. Өңір жетекшісі мердігер компания «Альфа- Север» ЖШС жұмысын сынға алып, кәсіпорын басшысы Андрей Капустинге біраз тапсырма жүктеді.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

– Сіздер ай сайын 100 млн. теңге игеру керексіздер. Мен бүгін жұмыс істеп жатқан техника мен қызметкерлерді көріп тұрғаным жоқ. Жылдамдық қосыңыздар. Нысан уақытылы тапсырылуы тиіс.

 

Аталмыш ХҚКО 800 адамға шақталған. Мұнда тұрғындар автокөліктерін тіркеп, жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыра алады. Келешекте нақ осы жерде жүргізуші куәліктері де берілмек. Бұдан кейін, Ерік Сұлтанов «Метро» ойын-сауық кешеніне ат басын бұрды. Онда өңір жетекшісін мәдени ошақта орын алатын қайта құру жұмыстарының жоспарлары қызықтырды.

Бұл күні Ерік Сұлтанов С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрында да болды. Өнер ордасының әртістерімен тілдескен аймақ басшысы оларды толғандырып жүрген мәселелерді сұрастырды.

Ерік Сұлтанов қаладағы қаңтарылып тұрған «сақалды» құрылыстарда да болды. Ұзақ жылдан бері 3 қабаты ғана көтеріліп, бос тұрған сондай орындардың бірі – Жамбыл көшесінің бойындағы көппәтерлі тұрғын үй. Бұл жердегі жұмыстарды аяқсыз қалдырған бас мердігер комапания – «Астана жерұйық» ЖШС. Бұдан кейін облыс әкімі қаланың қақ ортасында қаңырап бос тұрған «Достық» мәдени- демалыс орталығына ат басын бұрды. Мұндағы құрылыс 2004 жылы басталған. Қазір аяқталмаған нысан шаһар сәнін кетіріп тұр. Өңір басшысы тиісті ведомство басшыларына құрылысқа жауапты мердігер компанияны тауып, жағдайды реттеуді тапсырды. Облыс әкімі құрылысы жүргізіліп жатқан Жастар үйінде де болды. Мұндағы жұмыстар 2014 жылдың мамыр айында басталған.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

– Жастар кәдімгідей тәрбие алып, спортпен шұғылданатын орын болуы керек. Күн сайын бұл жерге 100-ге жуық бала келуі тиіс. Би, тоғыз құмалақ, күрес, шахмат үйірмелерін жасау керек. Қазір балаларды не қызықтырады? Соны ойланыңыздар. Бұл облысымыздың жастары үшін жасалады ғой, сондықтан жай ғана отырып кететін жер болмауы керек.

 

Жастар үйі үстіміздегі жылдың соңында тапсырылуы тиіс. Сондықтан өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов демалыс күндерге қарамай, жаздың жаймашуақ күндерін пайдаланып, жоспарды уақытылы аяқтауды жүктеді.

 

Мағжан Ахмадина