Билік

Соғыс ардагері Қасым Жүнісовке құрмет көрсетілді

 

1924 жылғы СҚО Аралағаш ауылының тумасы Қасым Жүнісов саналы ғұмырын кіндік қаны тамған өлкесінің дамуына арнаған жандардың бірі. Ел басына күн туғанда 17 жасар бозбала майданға аттанып жаумен алысты. Бүгінде көнекөз қарияның кеудесі ҰОС 2 дәрежелі және Қызыл жұлдыз ордендерімен, 16 медальмен көмкерілгкен. Еңбек жолын тарих пәні мұғалімінен бастаған Қасым аға өткен ғасырдың 50 жылдары мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне қабылданды. Партиялық жұмысқа да араласты. Бүгінде мерейтойымен өңір жетекшісі құттықтады.

Өңір жетекшісі 90-ның  төріне шыққан қадірменді жерлесіміздің иығына шапан жауып, ақшалай сыйақы табыс етті.

Замандастары мен қызметтес болған әріптестері, жора- жолдастары да ізгі ниет-тілектерін жолдады. Бәрінің айтары бір. Қасым Жүнісұлын қиын кезде қол ұшын беруден аянбайтын, қайырымды, еңбекқор, қызметіне адал жан деп сипаттайды.

ҰОС ардагері өз кезегінде көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.

Қалалық ардагерлер клубының төрағасы бейнеттің зейнетін татып отыр. Игі істері лайықты бағасын алып, Халықтар достығы, Құрмет ордені , бірнеше медальдармен марапатталған. Бүгінде Қасым Жүнісұлы ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 4 немере, үш шөбере сүйген мейірімді әке, ақылгөй ата.

 

Жеңіс Ермұқанов