Қоғам

Байкерлердің балаларға сыйлығы

 

Облыс орталығындағы басты көшелердің бірі – Қазақстан Конституциясы бойында 2-3 күн бұрын мынадай әдемі велосипед пайда болды. Темірден жасалған бұл туындыны қала байкерлері тапсырыс беріп, балалар күніне әдейі соқтырған екен.

 

Кирилл Майсак, «Северный ветер» мотоклубтың төрағасы:

– Велосипед – балалар алғаш рет отыратын көліктің бір түрі. Бала онымен өзінің алғашқы саяхатын жасайды. Сондықтан халықаралық балаларды қорғау күніне осындай сыйлық әзірлеуді ұйғардық. Алғашқы шайтанарбалар осындай болған. Сондықтан біз оны осындай үлгіде соқтырдық. Кішкентай тұрғындардың көңілінен шықты.

 

Алып шайтанарба ұстаның шеберханасында жасалған. Оның дизайнын байкерлер өздері әзірлепті. Келешекте туындыны жетілдіре түсу де көзделген.

 

Марат Қожахметов,байкер:

– Әлі гүлдер отырғызамыз. Бұдан басқа қала күніне қарсы тағы бір шағын велосипед жасауды көздеп отырмыз.

 

Жомарт жандар балаларға арналған бұл сыйлықтың бағасын құпия сақтауды жөн санаған. Десе де алдағы уақытта тағы бірнеше тарту- таралғы жасайтындарын жасырған жоқ. Ал қала тұрғындары мұндай әсем мүсіннің орталық көшеде пайда болғанына ризашылықтарын білдіруде.

 

–  Маған ұнайды. Өзімде де велосипед бар. Тепкенді ұнатамын.

– Қаланың жыл санап көркейіп келе жатқаны әрине қуанышты. Түрлі мүсіндердің де пайда болуы ерекше реңк береді.

Мағжан Ахмадина