Білім

Қазақстанда ҰБТ басталды

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

-Бүгін Еліміз бойынша ҰБТ тапсырудың алғашқы күні. Сондықтан болар, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ маңына жиылған халықтың қарасы қалың. Олардың барлығы сынақ беруге кірген 447 солтүікқазақстандық түлекті қолдауға келген.

 

Таң ата ЖОО алды абыр-сабыр. Қобалжыған түлектер, қолдау білдіруге келген ата- аналар мен 11 жыл бойы алған білімдерін шәкірттері ақтайды деген сенімді арқалаған ұстаздар қауымы. Көпшіліктің тілегі бір – ол балғындардың сынақтан сүрінбей өтуі. Оқушылар ақырындап ҰБТ тапсыратын корпусқа кіріп жатыр. Ұялы телефон, калькулятор, шпаргалканы алып өту мүмкін емес. Тексеріс мықты. Сәлден соң Алина Сербаева да тест тапсырады. Түлек өз біліміне сенімді.

 

Алина Сербаева, Әл- Фараби мектеп-лицейінің түлегі:

-Қобалжу жоқ. Өйткені мен өз біліміме сенімдімін.

 

Баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақымын қысады демекші сынақ тапсыратын балғындарын қолдауға ата- аналар көптеп жиналды. Олардың барлығы бауыр еті баласы мектеп қабырғасында алған білімін дәлелдеп беретіндігіне сенімді.

 

– Әрине қобалжу бар. Тұңғышым ЕНТ тапсырып жатыр. Дайындығы жақсы.

– Баламның дайындығы жақсы деген сенімдемін.

 

Жалпы сынақтың алғашқы күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 8 аудиториясында қала мектептері мен спортқа дарынды балаларға мамандандырылған спорт интернатының тәрбиеленушілері тест тапсырды. Олардың арасында 16 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 19-ы ерекше үлгідегі аттестатты алуға өз білімін дәлелдеуде.

 

Шекер Жандосова, СҚО білім басқармасының бас маманы:

-Аудиториялардың барлығы даяр. 3-5 күндері аудандарда тест өтеді.

 

Әдеттегідей оқушылар 3,5 сағат ішінде 125 сауалды еңсеру қажет. ҰБТ тапсырып шыққан балаларды барлығы үлкен қуанышпен қарсы алуда. Кей оқушылар көздеріне жас алып тапсырмалардың қиын болғанын айтып жатты. Енді біреулері сынақтың аяқталғанына шаттанып, жақындарымен қауышуда.

 

Раушан Мұхамеджанова, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің түлегі:

– Тест аса қиын болмады. Оқыған сұрақтардың көбі келді.

Қадиша Рүстемова, №20 орта мектептің түлегі:

–  Өзім таңдаған пән- биология бойынша бірнеше қиын сауалдар кездесті.

 

Биылғы жылы өңіріміздегі мектеп бітіруші 4059 түлектің 2602-сі сынақ тапсыруға ниет білдірген. Солардың 128-і «Алтын белгіге» үміткер.

 

Мағжан Ахмадина