Балалар

Балалар мерекесі


 

Балалардың шеруі орталық алаңнан басталды. Ұлттық киімдер киген кішкентай солтүстікқазақстандықтар әсем әуеннің сүйемелдеуімен Қазақстан Конституциясы көшесінің бойымен серуендеп өтті. Бұл мейрамды тойлауға шыққан өзге балдырғандар да олардың қатарына қосылып отырды. Қолдарына шар ұстап келе жатқан балақайлардың жүздері жайдары. Өскелең ұрпақтың салтанатты шеруі балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығына дейін созылды. Бұл жерде белсенді оқушылар тас жолда сурет салу байқауында бағын сынай алды.

-Қаламның зәулім-зәулім ғимараттары мен әсем болғанын қалаймыз. Осында салған күннің көзі әрдайым ашық болып, әрдайым шуағын шашып тұрса екен. Жасыл желек, гүлдер біздің көңіл-күйімізді көтергенін қалаймыз.
-Мен қоян, үй және оның үстінде кемпірқосақ, және
күннің көзін салдым.  

Дәл осы жерде архитектоника сайысы да ұйымдастырылды. Пенопластан жасалған үйдің жобасы көздің жауын алады. Қожаберген жырау атындағы № 6 мектептің оқушысы бұл макетті 2-ақ күнде әзірлепті. Талапты шәкіртке оның ұстазы Қуаныш Тілеукин көмектескен.

 Қуаныш Тілеукин, Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектеп мұғалімі:
– Коттедж сияқты үй ғой, болашақтың үйі. Күннің көзі түсуі үшін шынымен жапқан. Өсімдіктер өседі. Балкондары, автотұрақ бар. Ана жерде балалар алаңы бар. Бәрі әдемі болған сияқты.  

Бейнелеу өнері лицейінің шәкірттері де қазылар алқасына өздерінің тың жобаларын ұсынбақ. Олар өздері армандайтын сауықтыру кешенінің макетін жасап жатыр.

 Роман Радионов, “ЮНЕСКО клубы”, бейнелеу өнері лицейінің оқушысы:
-Біз жобамызда шағын ғана жер аумағында бірнеше құрылымды кешен салуға болатынын көрсетпекпіз. Төменгі қабатындағы автотұраққа көліктерін қалдырып, жеделсатымен жоғары қарай көтеріле алады.Әр қабатта қонақтар өздерінің қалағанын таба алады. Осындай сауықтыру кешені біздің қаламыздың орталығында да бой көтерсе екен.

Біреулер түрлі байқауларда мүмкіндіктерін сынап жатса, енді біреулері шығармашылық топтардың өнерін тамашалауда. Балалар үшін ең маңызды мерекеде ұйымдастырылған салтанатты шара – әрбір бүлдіршіннің бақытты шақтарының бірі болып есте қалмақ. Өйткені мұнда жиылған барша балдырған өзінің жанына жақын іс тауып, зор қуанышқа бөленді

-Балалар күні ұнайды. Мұнда өте көңілді: өлең айтады, би билейді. Ауа райы жақсы.
-Мен бұл мерекені ұнатамын. Мен мына жерде көп достар таба аламын.
Мына жерде менімен жасты көп достарым бар. Бәрін мерекемен құттықтаймын.
Барлық балаларды мерекемен құттықтаймын. Еліміз тыныш болсын! Бақытты өмір сүре берейік.

Айдана Демесінова