Білім

Маусымның 2-сінен ҰБТ басталады

 

Соңғы қоңырау соғылған соң оқушылар үшін ең ғажап кезең – жазғы демалыс маусымы басталады. Ал оқу ордасын тәмамдаған түлектерге демалыстың ауылы әлі алыс. Өйткені олар 11 жыл бойы алған білімдерін ҰБТ-да дәлелдеуі қажет. Сондықтан қазір емтиханға соңғы дайындық жүріп жатыр. Биыл мектеп бітіруші түлектер саны – 4059. Солардың 2602-сі сынаққа қатыспақ.

 

Шекер Жандосова, СҚО білім басқармасының бас маманы:

-Оның 889-ы қазақ тілінде тапсырса, 1713-і орыс тілінде береді. «Алтын белгіге» үміткерлер саны биыл облыста 128. Ал ерекше белгідегі аттестатқа үміткерлер саны 78.

 

Биыл өңір түлектері маусымның 2-сі мен 6-сы аралығында ҰБТ тапсырады. Ең алдымен сынақтан петропавлдық оқушылар өтсе, соңғы болып өз білімін Ақжар ауданының шәкірттері көрсетпек. Қазіргі күні түлектер сынақ беретін 8 пункт маңызды іске сақадай сайланды.

 

Шекер Жандосова,СҚО білім басқармасының бас маманы:

-Жоспарлы түрде барлық ҰБТ тапсыратын пункттер дайын. Балаларды автотранспортпен тасымалдау, тамақтандыру және жататын орындары барлығы да дайын.

 

Басты емтихан тапсырудың ережелері өзгеріс тапқан жоқ. Түлектер бұрынғыдай 5 пән бойынша білімдерін сынайды. Ал ЖОО-ға түсу үшін жалпы ұпай саны 50 баллдан кем болмауы қажет.

 

Мағжан Ахмадина