Билік

“Мерейлі отбасы” байқауының облыстық кезеңі аяқталды

 

Аудандық және қалалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, облыстық сынға жолдама алған отбасылардың бірі-Рамазановтар жанұясы. Әсет пен Гүлшат Рамазановтардың шаңырақ құрғанына 35 жыл болыпты. Олар 4 баланы тәрбиелеп өсірген. Екеуі де педагогикалық салаға 35 жылдарын арнапты. Бұл жамбылдық үлгілі отбасы мүшелері шетінен өнерлі. Олар осы сында топ жаратындарына сенімді.

 

Әсет Рамазанов, байқауға қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Біз қолымыздан келген барлық өнерімізді жігерімізді осы бәйгеде аяған жоқпыз. Үлгілі отбасы ретінде одан кейін ән салып, өлең оқу. Мен өзім мысалы тарих пәнінің мұғалімі бола тұра оған қоса сурет өнерімен айналысамын. Шахмат үйірмесін жүргіземін.

 

Гүлшат Рамазанова, Байқауға қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Әрбір отбасының рухани құндылықтарын,  адамгершілігін, бала тәрбиесін, жанұядағы бір-біріне қамқорлықтарын ашып көрсетіп жатыр. Осы конкурсқа қуана қатыстық.

 

Бүгінгі байқауға келген Здуалиевтер жанұясы өмірлерін жас ұрпаққа сапалы білім беруге арнаған. Бұл әулетте 17 ұлағатты ұстаз бар екен. Олардың барлығының еңбек өтілі 117 жылды құрайды. Үйдің отағасы мектеп басшысы болса, ошақтың басы қасында жүрген жары балалар мен жасөспірімдер үйінің директоры екен. Үлгілі отбасы барлық қиындықтарға бірігіп төтеп беріп, қуаныштарды бөлісіп жүр.

 

Серікбай Здуалиев, байқауға қатысушы, Ақжар ауданы:

– Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайын ойлай отыра мемлекеттің іргетасы берік жанұядан басталады деп айтқан. Бүгінгі сайысқа қатысып жатқан әр ауданнан келіп отырған отбасыларының барлығына сәттілік тілеймін. Берік отбасы болсын. Бүгінгі сайысқа қатысушылардың барлығы “Мерейлі отбасы” болуға лайықты.

 

Теріскейде өткен “Мерейлі отбасы” жалпыұлттық республикалық байқауының облыстық кезеңі Елбасының бастамасымен алғаш рет еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылып отыр. Сынға қатысуға өңірден 67 жанұя өтініш білдірген. Олардың тек 28-і ғана аудан мен қалалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, облыстық байқауға жолдама алып отыр. Сынға қатысып отырған жанұялар балаларына жақсы тәрбие беріп қана қоймай, экономиканың түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүргендер. Отбасы мүшелері шеттерінен өнерлі, бірі ағаш жонып, қолөнермен айналысса, екіншісі спортта жетістіктерге жеткен. Түрлі аспаптарда ойнап, ән де айтады.

Байқаудың мақсаты-отбасы институтының мәртебесін арттыру. Жиынға қатысқан облыс әкім Самат Ескендіров жанұяның қорғамдағы рөліне тоқталды.

Байқау оңайға соқпаған. Өйткені, отбасылардың жанжақтылығы ескерілген. Міне,  “Мерейлі отбасы” жеңімпаздарының есімі анықталды. Сөйтіп, облыстық сында үздік үштікті балалар үйін ашқан петропавлдық Корольковтар отбасысы тұйықтады. Ал, екінші орын ағаш шебері Ғ.Мүсірепов ауданынан келген Қасымовтар жанұясына бұйырды. Қос жанұя грамота мен үй кинотеатрына ие болды.

Байқауда бірінші орынды Руслан мен Макка Магомедовтар отбасы жеңіп алды. Оларға Бурабайда жанұясымен демалуға арналған жолдаманы өңір басшысы Самат Ескендров табыс етті.

Магомедовтар отбасындағы барлық ер-азаматтар полиция жолын таңдапты. Жанұяның ішкі істер органдарында жүргеніне 70 жылдан асқан.

 

Руслан Магомедов, “Мерейлі отбасы” жалпыұлттық республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы:

– Біз жеңіске жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Өйткені бұған бәрі де лайықты болды. Біз ата-бабаларымыз таңдаған ішкі істер органдарында жүрміз. Алдағы уақытта немере мен шөберелеріміз де осы салада жұмыс істегенін қалаймыз. Өйткені, біз өз Отанымыз Қазақстанның патриоттарымыз.

 

Руслан мен Макка Магомедовтар жанұясы қыркүйек айының 12-сі Астана қаласында өтетін “Мерейлі отбасы” жалпыұлттық республикалық байқауында өңір намысын қорғайтын болады.

 

Бану Ахметова