Құқық қорғау органдары

Ювеналдық полиция тұрмыс жағдайы нашар отбасыларын бақылауда

 

Бұл жолғы рейдтің ерекшелігі сол, оған қалалық ІІБ-ның қызметкерлерінен өзге денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, ішкі саясат бөлімі және балалар құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері атсалысты.

 

Қымбат Қасымғожина, Петропавл қалалық ІІБ ювеналдық полиция бөлімінің басшысы:

-Біз атқарушы органдармен бірлесіп, ювеналдық полицияның есебінде тұрған, тұрмыс жағдайы тым нашар жанұялардың мүшелеріне қол ұшын бермекпіз. Олардың қайта түзеліп, дәстүрлі өмір салтына оралуларына көмектесеміз. Нақтырақ айтсам, бізбен еріп жүрген мамандар оларға құқықтық, кәсіби кеңестер береді. Жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Кейін біз үйді-үйден жинаған бар ақпаратты арнайы актіге енгіземіз.

 

Мамандар әсіресе бірнеше жылдан бері лас ортада өсіп келетін кішкентай балалардың жағдайына алаңдаулы. Ал, олардың ата-аналары еш жерде жұмыс істемейтін көрінеді.

Мысалы, тәртіп сақшылары мына үйде тұратын ерлі-зайыптыларды ата-ана құқығынан айыруға қатысты құжаттар жинастырып жатыр. Себебі, екеуі бұған дейін 12 жасар ұлымен іргесі сөгілейін деп жатқан үйде тұрып келген. Қазір олардың кәмелеттік жасқа толмаған баласы жетімдер үйіне уақытша паналауға жіберілді. Биыл 4 айдың ішінде ювеналдық полиция инспекторлары кәмелеттік жасқа толмаған 100-ден астам бала мен тұрмыс жағдайы төмен 122 отбасыны есепке алған. Тәртіп сақшылары бұл көсеткішті азайту үшін апта сайын рейд жұмыстарын жүргізіп тұрады.

 

Берік Қасен