Білім

Петропавлда “Үздік педагог” байқауының облыстық кезеңі өтуде

 

 

Облыстық “Үздік педагог” байқауы жыл сайын оқу жылының аяғында өтіп тұрады. Сайысқа қатысушылардың дені жас мұғалімдер. Көбінің еңбек өтілі 5 жылдан енді асқан. Әйгерім Қайданова Уәлиханов ауданындағы мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен  6-шы жыл сабақ беріп келеді. Биыл 2-санатқа ие болыпты. Тіл маманы шын ұстаздың шығармашылық қабілеті осындай сайыстардың арқасында ғана артады деген пікірде. Ол ізденістен әсте қол үзген емес. Үнемі іс-тәжірибесі мол мұғалімдердің шеберлік сабақтарына қатысып, білімін шыңдап тұрғанды жөн санайды.

 

Әйгерім Қайданова, Бидайық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Уәлиханов ауданы:

-Дайындығым жаман емес. Облыстық кезеңнен сәтті өтіп, республикаға жолдама аламын деген ойдамын.

 

Сайысқа аудандық, қалалық кезеңнің 15 жеңімпазы қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған байқау мұғалімдердің кәсіби деңгейін шыңдап қана қоймай, сонымен қатар қоғамдағы педагог дәрежесін арттыруға септеседі.

 

Нұрикамал Жұмабаева, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

-Байқауда педагогтардың білімі 3 кезең бойынша сыналады. Бірінші, өзін-өзі таныстырады. Екінші эссе жазады. Кейін тест сұрақтарына жауап береді. Соңында ашық сабақ береді.

 

Жеңімпаз 21 мамырда белгілі болады. Үздік педагог атанғаны алда өңір намысын елордасы Астанада қорғамақ. Онда басты жүлдеге 2 млн. теңге тігілген.

 

Берік Қасен