Бизнес және экономика

Кәсіпкерлікті қолдауға 100 миллиард теңге бөлінді

 

Ұлттық қордан бөлінген 100 млрд теңге 13 банктің есебінде жатыр. Бұл қаражат шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерді несиелендіруге бағытталуы тиіс. Өз ісін ашқысы келетін немесе осыған дейінгісін кеңейтіп, әрі қарай дамытамын деген жандардың ойлануына 6 ай уақыт берілген.

Бір кәсіпкер 1 млрд. 850 млн. теңгеге дейін несиені рәсімдей алады. Бұл қаражат 6 пайыздық жылдық үстеме ақымен 10 жылға беріледі. Аталған жеңілдік семинарға жиналған бизнесвумендерді қызықтырмай қоймады. 18 жылдан бері қоғамдық тамақтандыру ісімен айналысатын кәсіпкер Ольга Клишина бұл бізге беріліп отырған үлкен мүмкіндік дейді.

 

Ольга Клишина, жеке кәсіпкер:

– Мемлекет тарапынан біздерге үлкен қолдау көрсетіліп отыр. 6 пайыздық жылдық үстеме ақы деген кәсіпкерлер үшін айтарлықтай көмек деп ойлаймын. Сондықтан біз, бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу керекпіз. Өз басым берілген көмекке жүгінсем деп ойлаймын.

 

Бұнымен қоса кәсіпкерлер “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасының көмегіне де жүгіне алады. Бұл жайында семинар барысында “Даму” қорының менеджерлері тоқталды.

 

Гүлмира Жақыпова, СҚО бойынша «Даму» кәсiпкерлiктi дамыту қоры» АҚ филиалының бас менеджерi:

– Бізге келген жандарға несие алудың тиімділіктері мен шарттарын айтып түсіндіреміз. Бұл кеңестер әрдайым оларға тегін беріледі. Мұнда барлығы 4 кеңесші жұмыс істейді.

 

Бүгінде кәсіпкерлерді қолдау орталығының мамандары өз клиенттеріне 1300 қызмет түрін ұсынады. Осы мүмкіндіктерді пайдаланған жандардың 60 пайызын әйелдер құрайды екен.

 

Бану Ахметова