Спорт

Петропавлдық акробаттар ел чемпионатының жеңімпазы атанды

 

 

Павлодарлық Илья Окружко мен Ариана Филиппенконың жұптасып өнер көрсетіп жүргендеріне 4 жыл болған. Күрделі деген жаттығуларды спорт шеберіне үміткер қос балғын еш қиналмай орындай алады. Өз шеберліктерін талай халықаралық сайыстарда дәлелдеп жүрген акробаттар соңғы рет 2013 жылы Болгарияда өткен жарыста күміс жүлдеге қол жеткізген. Бүгінгі додада да спортшылар сол межені бағындыруды көздеп отыр.

 

Илья Окружко, жарысқа қатысушы, Павлодар қаласы:

– Акробаттар бір-бірін түсініп, үйлесімді әрекет етулері керек. Өйтпесе, еш нәтиже шықпайды.

 

Ариана Филиппенко, жарысқа қатысушы, Павлодар қаласы:

-Біз осы жарысқа Францияға жолдама ұтып алу үшін келдік. Басты мақсатымыз – халықаралық дәрежедегі спорт шебері атану.

 

Өз өмірін акробатикамен байланыстырғандардың тағы бірі- петропавлдық Владислава Киташева. Ол аталмыш спорт түрімен 2 жылдан бері айналысып келеді. Жас дарын жарыстарда қанжығасын майлап, шілде айында Францияда өтетін әлем чемпионатына қатысуды көздейді.

 

Владислава Киташева, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

-Мен біздің жұп жеңіске жетіп, жүлдегер атанғанын қалаймын. Сонда біз әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын боламыз.

 

Жалпы спорттық акробатика бойынша өткен ҚР чемпионатына Алматы, Қарағанды, Павлодар, Тараз және Екібастұз қалаларының спортшылары қатысуда. Теріскей төрінде 6 жастан асқан 150-ден астам балғын өз өнерін көрсетті.

 

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Елбасы дене шынықтыру мен спорттың дамуына ерекше назар аударады. Өйткені тек дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болмақ. Жалпы өңірімізде 140 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады.

 

Аталмыш жарыстарда Петропавлдың намысын 5 жұп қорғады.

 

Мағжан Ахмадина