Спорт

Петропавлда пауэрлифтинг пен зілтемірді жатып көтеруден облыс чемпионаты өтті

 

Облыстық чемпионатта пауэрлифтингтен бақтарын сынауға қала спортшыларымен қатар  Тайынша ауданының балғындары да жиналды. Жарысқа қатысушылар осыған дейін аудандық, облыстық және республикалық турнирлерде жеңімпаз атанып үлгерген.

 

Татьяна Бойко, жарысқа қатысушы:

-Менің бұл спорт түріне келгеніме көп бола қойған жоқ. Пауэрлифтинг көңілімнен шығып, оған ден қоя бастадым. Жетістіктерім де аз емес. Алматыда өткен ел чемпионатында күміс жүлдеге ие болдым.

 

Сондай-ақ бүгінгі чемпионатта “Үміт” спорт клубының мүшелері де бақтарын сынады. Сайыста өзгелері темірді тұрып көтерсе, мүмкіндігі шектеулі балалар зілтемірді жатып көтеріп, күш сынасты. Бұл спорт түрі теріскейде енді қанатын жайып келе жатқандықтан, ұйымдастырушылар оны жандандыруды басты мақсат еткен. Сайысқа қала мен облыс аудандарынан 100-ден астам спортшы келіпті.

 

Руслан Долабаев, «Үміт» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық клубының жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші:

-Турнирге келген спортшылардың қатары қалың. Осыдан 2-3 жыл бұрын қатысушылар саны аз болатын. Ал қазір спорттың бұл түріне қызығушылық үлкен. Халықаралық ережеге сәйкес сайысқа 14-18 жастағы балалар қатысады.

 

Жарысқа түскендер классикалық пауэрлифтингтен сайыстар жиірек ұйымдастырылса дейді. Бұл жеткіншектердің шеберліктерін шыңдауға таптырмас мүмкіндік.

 

Вадим Герасименко, пауэрлифтингтен спорт шеберлігіне үміткер:

-Қазіргі таңда пауэрлифтингке елімізде көп көңіл бөлініп жатыр. Соның бір айқын дәлелі – жыл сайын өткізілетін жарыстар. Осыдан бес жыл бұрын осындай сындарға қатысу арман болатын.

 

Аталмыш чемпионат екі күнге жалғасты.

 

Бақыт Сәдуақасов