Мәдениет

“Айгөлектің” концерті

Көктемнің қоңыржай кешінде қала тұрғындары Достық үйінде отырып оқушылардың орындауындағы концертті тамашалады. Залда ине шаншар жер болған жоқ. Кеш Ғалия Мұхамеджанованың жетекшілігімен өтуде. Бұл дирижердің есептік концерті іспеттес. Яғни, Ғалия Мұхамеджанова балаларды өнерге баулудағы, дарыны бардың қабілетін ашу бағытындағы атқарған жұмысының нәтижесін көрсетті.

Ғалия Мұхамеджанова екі бірдей хорға жетекшілік етеді. Бірі – қалалық классикалық гимназияда болса, екіншісі 10-шы орта мектепе құрылған. Әрі ол камералық хорда жұмыс істейді екен. Ғалия Мұхамеджанованың өнер саласындағы үзеңгілесі Юрий Колчин зайыбы әрі әріптесі жайында өз ойымен бөлісті.

 

Юрий Колчин, Облыстық филармония камералық хорының көркемдік жетекшісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері:

-Ғалия Сәкенқызының тәжірибесі үлкен. Ол өз жұмысын Алматыда ардагерлер хорынан бастаған болатын. Бір сөзбен айтқанда ол кісі осы саланың қыр-сырын бірінші баспалдағынан бастап меңгеруде. Жұмыстың қиындығына қарамастан балалармен айналысқанды жақсы көреді .

 

Сахнаға бірінші болып қалалық классикалық гимназияның оқушылары шықты. Балалар ұжым құрылғалы біраз әнді нақышына келтіріп орындауды үйрендік дейді.

Қалалық классикалық гимназияның директоры Күлтәй Мұқанованың айтуынша, мектептегі хор ұжымы талай жетістіктерге жеткен.

 

Күлтәй Мұқанова, Қалалық классикалық гимназияның директоры:

-Тағы да айта кететін жағдай, Қалалық классикалық гимназияда биылғы оқу жылында осы жақында өткен үлкен сайыстан ұжым бірінші орынға ие болып, біз үлкен құрметке ие болдық. Бұл да осы кісінің бір жемісі мен жеңісі деп ойлаймын. Алдағы уақытта біздің оқушылармен бірге ол кісі Астана қаласында үлкен сайысқа қатысқалы отыр .

 

Бұл жолы Ғалия Мұхамеджановамен сырласудың орайы болған жоқ. Әріптестерінің айтуынша, дирижердің үлкен арманы бар. Ол – шәкірттерін республика көлемінде танытып, Петропавлда балалардың музыка студиясын құру.

 

Данаш Хамзина