Тарихшылар, мұражайшылер мен өлкетанушылар. Бұлардың міндеттері ортақ. Ол өңір тарихын өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Еліміздің жүріп өткен жолы ескерусіз қалмауы керектігін ұлт көшбасшысыда үнемі басты назарында ұстайды.
Рүстем Елубаев, СҚО мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының жетекшісі:
-Еліміз бойынша қолға алынған мәдени мұра бағдарламасын насихаттауда мұражайлардың алар орны ерекше. Олардан көптеген тарихи жәдігерлерді көзбен көруге болады. Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр деген бар. Бұл ретте мұражайларымыздың өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні терең.
Конференция жұмысына өңіріміздегі мамандардан бөлек Көкшетау мен Омбы қалаларынан келген меймандар да қатысты. Соңғылары біздің мұражайларымызбен жақсы таныс. Ақмола облыстық мұражайының тарихы біздікінен терең. Алайда жәдігерлерді күтіп сақтауда олар қызылжарлықтардың біліктілігіне иек артқан.
Бұл жолғы жиынға қатысқандарына омбылықтар да дән риза. Соңғы жылдары әріптестік қарым-қатынастан қол үзіп қалған олар алдағы уақытта оны қайта жандандыруға мүдделі. Конференция барысында ресейліктер солтүстікқазақстандық әріптестерін өздеріне шақырып, Омбы мұражайында Қазақстан тарихына қатысты көптеген жәдігерлер бар екендіктерін атап көрсетті.
Татьяна Назарцева,Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайының бас ғылыми қызметкері:
-Облыстық мұражайларыңызбен көптен әріптеспіз. Кезінде онда мықты археологтар жұмыс істеді. Біз солармен бірлесіп қазба жұмыстарына қатысып жүрдік. Олардан көне жәдігерлерді қайта қалпына келтіруде көп тәжірибе үйрендік. Алдағы уақытта қарым-қатынасымыздың қайта жанданатынына сенім мол.
Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану және бейнелеу өнері мұражларында 350 мыңнан астам жәдігерлер сақталуда. Олардағы қызметкерлер саны 82 болса, 32-ің арнайы жоғары білімі бар мамандар.
Еркін Шалкенов, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары:
-Мұражайымызда археология, табиғат, этнография, тарихи жәдігерлерді тіркеу және сақтау бөлімдері жұмыс істейді. Сондай-ақ өңірімізді әспеттейтін әдебиет бөлімі де бар. Оларды жинақтауда “Асыл мұра” ғылыми зерттеу орталығы біздерге айтарлықтай көмек көрсетуде.
Еліміздің өткенін кітаптан оқу бір бөлек, ал сол шақтағы жәдігерлерді көзбен көру бір бөлек. Ал оларды көздің қарашығындай сақтауда мұражайлардың алар орны ерекше.
Самат Есмағи