Балалар

Евгений Ивановтың экологиялық жобасы үздік деп танылды

Красноярск негізгі мектебі оқушыларының бұл алғашқы жеңісі емес. Осыған дейін де бірқатар сайыстарда топ жарған. Бұл жолы олар республикалық байқауда өз жобаларында СҚО-нда өсетін шипалы өсімдіктер туралы жазған. Атап өтсек шие және итбүлдірген. Көрме -жәрмеңкені ұйымдастырушылар біздің жас өлкетанушыларымыздың жұмыстарын жоғары бағалапты.

 

Ольга Михайлова, Красноярск негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Бұл жобамыз қазылар алқасын қызықтырмай қоймады. Өйткені, қазіргі күні дәрі-дәрмектер өте қымбат. Сондықтан оның орнына шипалы өсімдіктерді пайдалануға болады. Осы себепті де қазылар алқасы біздің жұмысымызды әрі қарай зерттеу қажеттігін айтты.

 

Республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық жоба ұсынылыпты. Бұның бәрі Қазақстанда “Жасыл экономика” ұзақ мерзімді Тұжырымдамасының жүзеге асырылуына бағытталған. Болашағы зор жобаны зерттеу үшін “Шеврон” компаниясы 100 мың теңгенің ақшалай грантын бөлген. Осы қаражатты жеңіп алған мектеп оқушысы Евгений Иванов шипалы өсімдіктердің суреті салынған арнайы күнтізбелерді басып шығармақ ойда.

 

Евгений Иванов, Красноярск негізгі мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Мен мұндай байқауға бірінші рет қатыстым. Қатты ұнады. Көп достар таптым. Шеврон компаниясы біздің өңірімізде тропикалық өсімдіктердің бар екендігіне қызықты. Сондықтан да алдағы уақытта табиғатты танып білуді жалғастырамын.

 

Экологиялық байқаудың лауреаты атанған мектеп оқушысының жоспарында – СҚО-ндағы көлдерді зерттеу.

 

Бану Ахметова