Денсаулық сақтау

Үстіміздегі жылы облыстың 8 тұрғыны қызылша ауруына шалдықты

Қызылша ауруы біздің өңірде алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Осыдан 10 жыл бұрын аталған дерт көпшілік арасында кеңінен таралғандықтан, облыс тұрғындары жаппай егілуден өткені белгілі. Содан бері жағдай біршама оңалғандай еді, араға 10 жылға жуық уақыт салып, облыс көлемінде қызылша ауруына шалдығу фактілері қайта тіркелуде.

 

Юрий Пузиков, СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

-2013 жылдың қарашасынан бұл ауру тұрғындар арасында қайта белең алды. Былтыр 7 адам аталған дертке шалдықса, үстіміздегі жылдың 4 айы ішінде тағы 8 адамның қызылшаны жұқтырғаны белгілі болды. Бұл зертханалық түрде расталған фактілер. Қазіргі уақытта барлық дәрігерлер, қызылшаға ұқсас ауру белгілері бар науқастарды ерекше бақылауда.

 

Атап өту керек, 2013 жылы тіркелген науқастар бұл дертті көрші Ақмола облысында жұқтырған. Эпидемиолог мамандар ендігі кезекте, аурудың тұрғындар арасын кеңінен таралуына жол бермеу мақсатында жаппай иммундау шараларын өткізуді жоспарлап отыр. Егілу шаралары осыған дейін вакцина алғандарды да, оны айналып өткендерді де қамтымақ.

 

Юрий Пузиков, СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

-Үстіміздегі жылы 15 пен 19 жас аралығындағы өңір тұрғындары қызылша ауруына қарсы егілуден өтетін болады. Бұл шамамен 26 жарым мың адам. Республикалық бюджеттен 27 мың доза вакцина сатып алуға 16 млн. теңге бөлінді. Ал 2015 жылы 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтарды иммундауды көздеп отырмыз. Облыста ондай 82 мыңға тарта тұрғын бар.

 

Ауа арқылы таралатын қызылшаның бірқатар ауруларға ұқсас ортақ белгілері бар. Науқас адамның денесін бөртпе басып, вирустың салдарынан тыныс алу жолдары жапа шегеді. Оған көбінесе, кішкентай балалар мен екпе алмағандар шалдығатұғын. Бірақ соңғы уақытта бұл ауру 15 жастан асқан жасөспірімдерде, тіпті ересектердің арасында да тіркелуде. Биыл бұл дертке шалдыққандардың 75 пайызы 15 жастан асқан тұрғындар.

 

Гүлмира Шоқтыбаева