Солтүстікқазақстандық іздеушілер тобы кезекті сапарды қорытындылады

Қоғам

15:50 13 Мамыр 2014

Мына шағын үстел үстінде біздің мақтан тұтар шежірелі жылдардың кішкентай көрінісі жайғасқан. Тарихтан сыр тарқатар Ұлы жеңістің жәдігерлері жер астында қалмау керек. Бұл – 26-шы халықаралық “Еске алу вахтасынан” оралған жергілікті әскери-патриоттық клуб мүшелері еңбегінің жемісі.

Александр Азегов, “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Бұл жолы клубымыздың мұражай қоры тағы толықты. Көптеген қару-жарақ, оқ-дәрілер, әскери заттар жер бетіне шықты. Табылған заттар залалсыздандырылып өзге мұражайларға да тапсырылатын болады.

1942-43 жылдары Ресейдің Новгород облысында кескілескен ұрыстар өтті. Отанын жауға бермей, қасық қаны қалғанша алысқан кеңес әскерінің мыңдаған жауынгерін сол қанды шайқастарда жер жұтты. Көпшілігі әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Жергілікті іздеушілер тобы бұл жолы 22 сарбаздың сүйегін көтеріпті. Жасақ құрамында ер мінез танытқан үш нәзік жанды болған.

Ирина Шефер, “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

-Клубқа мүшелік еткеніме 15 жыл. Үшінші мәрте еске алу вахтасына қатыстым. Қазба жұмыстарына бастан аяқ атсалыстым. Қанды қырғынның аяқталғанына 70 жылдай болса да көптеген соғыс қалдықтары табылып жатыр. Жер қойнауынан оларды өз қолыңмен алып шыққан сәтте тарихқа еріксіз саяхаттағандай әсерге бөленесің.

Өкінішке қарай сүйектері табылған жауынгерлердің тек біреуінің ғана есімін анықтау мүмкіндігі туған.

Александр Азегов, “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Табылған екі медальонның біреуінің іші бос болды. Екіншісінде Поляков Филипп Никифорович деп жазылған. Кейін анықтағандай, ол бұл жердегі соңғы ұрыстан кейін хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Өзгелерінің есімдері беймәлім болғанымен, олардың келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жандарын пида еткендері айдан анық.

Жалпы ТМД елдеріндегі қайырымды жастардың басын қосқан экспедиция барысында 703 жауынгердің сүйегі табылыпты. 22-ң медальоны бар. Олардың үшеуі қазақстандық болып шықты. Мих Усентаев пен Иратулла Хамидуллин Қызылорда өңірінің тумалары. Және ақмолалық Айшамбек Асыловтың сүйегі табылған. Отан үшін отқа түскен қайсар жандардың мәйіттері Ресейдің бауырластар зиратына құрметпен жерленді.

Жеңіс Ермұқанов