Балалар

Биыл өңір оқушыларының 83% жазғы демалыспен қамтылады

 

Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін биыл өңірде 18 сауықтыру лагері жұмыс істемек. Екеуі жеке меншік болса, өзгелері мемлекет меншігінде. Оларда 11 800 оқушы демалады деп жоспарланып отыр. Бұл жалпыға бірдей білім алып жүрген шәкірттердің 17 пайызы. Алғашқы лек маусымның 10-ы қабылданады.

 

Әлия Ешкеева, СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Жазғы маусымға лагерьлерді дайындап, балалардың демалысын қамтамасыз ету үшін бюджеттен 268 млн теңге қарастырылып отыр. Оның 32,2 млн теңгесі кезекті жөндеу жұмыстарына бағытталды. Лагерьлер барлығы 5 маусым бойынша жұмыс істейді. Сыйымдылығына орай әрбірінде 3 мың оқушыға дейін демалады деп күтілуде. Демалыс орындарының тәрбиешілер ұжымы толықтай біліктілігін арттыру курстарынан өтті.

 

Жолдаманың құны 9,5-30 мың теңге арасында. Әдеттегідей жетім және мүгедек, аз қамтылған отбасыларының балалары мемлекет есебінен тегін демалады. Қайырымды шараға қол жеткізетіндердің саны 4 мыңға жуық болмақ.

 

Әлия Ешкеева,СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Тегін демалыс жолдамаларын алу үшін облыс қазынасынан 40,5 млн теңге бөлінді. Соколов, Шөптікөл түзету мектеп-интернаттары мен жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың облыстық мектеп-интернатының тәрбиеленушілері өздеріне қарасты лагерьлерге барады. Алматы қаласындағы “Бөбек” және Бурабайдағы “Балдаурен” оқыту-сауықтыру орталықтарына өлкеміздің 100-ге тарта дарынды оқушысы жіберіледі.

 

Бұл мүмкіндік бұйырмағандарына мектеп жанында 570 алаңқай құрылады. 12 мың баланы қамтитын 168 үйірме мен 22 аулалық клуб жұмыс жасайды. Ақжар, Айыртау, Уәлиханов пен Қызылжар аудандарында палаткалар қалашықтары көтеріліп, өлкетану саяхаты ұйымдастырылады. Жалпы өңір шәкірттерінің 83 пайызы түрлі жазғы шараларға тартылмақ.

 

Жеңіс Ермұқанов