Білім

Ұстаздар әулеті

 

 

 

Тозығы жеткен былғары портфель – Қожатай қария үшін аса қымбат. Ардагер 40 жыл бойы бала оқытса да, қоржынын қолынан бір тастамаған. Ішінде қарттың кітаптары мен қойын дәптерлері сақтаулы. Қожатай Сейтахметұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. 17 жасынан Екінші Украина майданында  Венгрия мен Новгород, Братислав қалаларын жаудан азат етуге қатысыпты. Елге оралған жауынгер  ауылдағы білім берудің әлсіреп қалғанын көреді. Сөйтіп, бірден мұғалімдікке оқып, мектепті көтеруге атсалысады. Ардагер педагог сол кездегі бала оқытудың қиын болғанын еске алды. Жабдық жетіспеген соң, түні бойы отырып өз қолымен жасапты. Ұстаз еңбегі деп осыны айт.

 

Қожатай Некібаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мектепте 3-ақ карта бар. Көрнекті құралдан дым жоқ. Оның барлығын өзім жасап отырдым. Қиын болды, әрине.

 

Қожатай қарияның жазуы маржандай тізілген әдемі деседі. Шынында да, сиямен сызып, өз қолымен жинақтаған еңбектері көз сүйсіндіреді. Қарт педагог ізденуден жалыққан емес, ісіне тиянақты. Жасы 90-ға таяп қалса да, есепке жүйрік екеніне риза болдық. Қазір балаларына ақылшы. Архангельское орта мектебінде мұғалім болып істейтін ұлы Ғабиден Некібаев баланы оқыту мен тәрбиелеуде әкемнің кеңесін артық көремін дейді.

 

Ғабиден Некібаев,  Архангельское орта мектебінің мұғалімі:

– Мектепте оқып жүргенде мұғалімдік арманым болды. Арманым орындалды. Қазір өзім де оқушыларға тәрбие беріп, қызым да ұстаздық қызметке оқып жатыр.

 

Ал, колледж студенті Фариза Некібаевтар әулетінің қалыптасып қалған дәстүрін жалғастыруда. Бойжеткен атасын үлгі тұтады.

 

Фариза Некібаева, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті:

– Бүгінде сапалы білім алу үшін барлық жағдайлар жасалынған. Мен бұл мүмкіншілікті барынша пайдалануға тырысамын. Болашақта атам сияқты еңбекқор және білікті мұғалім болғым келеді.

 

Бүгінде Архангельское селосында екі ардагер қалыпты. Соның бірі – Қожатай Некібаев. Ауылдастары көнекөз қарияны қадір тұтып, ел ағасы деп ардақтайды. Ақсақал зайыбы Айша әжеймен бірге 65 жыл отасып, 10 бала тәрбиелеп өсірген. Оның 4-уі әке жолын қуды.

 

Данаш Хамзина