Құқық қорғау органдары

Оқушылар Қазақстан полициясының тарихымен танысты

 

Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері 15 жыл бойы мектеп-интернаттағы “Арай” отбасына көмек қолын созып келеді. Материалдық жәрдемге қоса, құқық қорғаушылар балғындардың түрлі жарыстарға баруларына да жағдай жасап жүр. Осы жолы аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Айдос Едрісовтың жетекшілігімен тәрбиеленушілер облыс орталығындағы ІІД-і мұражайына саяхаттады.

 

Любовь Осинская, СҚО ІІД мұражайының меңгерушісі:

-Біздің мұражайды көруге көбінесе мектеп оқушылары келеді. Осы уақыт ішінде шамамен 900 оқушы мұражайдағы құнды заттар мен жәдігерлерді тамашалаған болатын.

 

Мұражайға келгендер  кинолог, тергеуші және криминалистердің жұмысымен танысып, жәдігерлер мен фотосуреттерді қызықтады. Соның ішінде балаларға Ұлы Отан соғысына арналған Жауынгерлік Даңқ залы ұнаған.

 

-Маған әскери киім мен қару-жарақ ұнады.

-Мен батырлардың ерлігіне тәнті болдым, тілерім соғыс болмаса екен.

 

Полиция мұражайының кіші залындағы фильмді көрген балғындардың біразы осы салада жұмыс істеуге қызығушылық танытты. Саяхат соңында жеткіншектер мұражай қызметкерлеріне сыйлық ретінде әндер шырқады.

 

Сонымен бірге тәрбиеленушілер қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері аллеясы мен Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне орнатылған мемориалда болды.

 

Бақыт Сәдуақасов