Қоғам

Ғ.Мүсірепов ауданының Новоишим селосында жаңа шағын аудан пайда болды

 

Әсемгүл Құрманғалиева жуырда отбасымен Мәдениет ауылынан Ғ Мүсірепов ауданының орталығына көшіп келіпті. Қоныс аударған елді мекенінің экономикалық әлеуеті төмен болғандықтан. Бірден Новоишим селосынан су жаңа үй беріліп, баспаналы болды. Отағасымен бірге екі қолға бір күрек тапты. Кішкентайлары сапалы біліммен қамтылды.

Әзірге Әсемгүл жүктілігіне байланысты үйінде отыр. Енді бір қуанышты жаңалық – биыл үйінің дәл іргесінен шағын орталық ашылмақ.

 

Куанышбек Құрманов, Новоишим селолық округінің әкімі, Ғ Мүсірепов ауданы:

– Жаңа ауданға қоныстанушылардың дені жастар. Аудандағы әлеуеті төмен ауылдардан көшірілді. Еңбекке жарамдыларының барлығы да тұрақты табыс көзімен қамтылды. Үйлер қажетті инженерлік желілер тартылып, инфрақұрылым жаңғыртылды. Ең бастысы тіршілік көзі су үйлерінде ағып тұр. Кәріздік суағарлары бар.

 

Жаңадан бой түзеген аудандағы үйлер “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында қаланыпты. 3 жылда жалпы аумағы 4200 шаршы метр болатын 60 баспана салынған. Тағы әлеуметтік әріптестік бойынша 10 үйдің іргетасы құйылуда. Абаттандыру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Көшелерге тас жол төселінбек. Қазір мұнда көкалдандыру жұмыстары қолға алынған. Аудандық қазына есебінен 150 ағаш көшеті отырғызылды.

 

Жеңіс Ермұқанов