Қоғам

Биыл көктемде облыста 95 адамды кене шаққан

 

Кенелер көбінесе қалың ағаштарда, шөп жамылғысы бар аралас ормандарда тіршілік етеді. Дәрілеушілер зиянкес жәндіктерді залалсыздандыруға таң ата шығыпты. Қазір 4 га аумақтағы жер арнайы дәріленді.

 

Татьяна Джулай, “Ермолин” ЖК аға дәрілеушісі:

-Бұл шаруа демалыс орындары мен саябақтарда атқарылуда. «Лаврецид» затын сумен араластырып, белгілі бір аумаққа шашамыз.

 

Паразит жәндік адамды шаққан кезде қауіпті энцефалит ауруын жұқтыруы мүмкін. Дегенмен, облыс аумағында кене энцефалитіне қатысты қауіп жоқ. Өйткені, жыл сайын санитар-эпидемиолог мамандар кенелерге қарсы демалыс орындарында дәрілеу жұмыстарын жүргізеді. Алайда, табиғатқа шығарда ең бастысы 2 нәрсені естен шығармау қажет дейді мамандар. Біріншіден, ақшылт түсті киім кию керек. Және түрлі жәндіктерді үркітетін арнайы құралдар қолданған абзал.

 

Татьяна Краснова, СҚО бойынша МСЭҚД бөлім басшысы:

-Табиғатқа шыққанда ақшыл киім киген жөн. Және оны аэрозоль түріндегі репелентпен дәрілеген дұрыс. Кейбіреуі денесіне крем, гель жағады. Осы орайда оған алергияның бар-жоқтығын да тексеріп алған дұрыс болады.

Әсіресе, мамыр-маусым айларында кенелердің белсенділігі арта түседі. Дегенмен бұған дейін де жәндіктен сақтанған жөн дейді мамандар. Себебі, сәуір айында облыс бойынша 95 адамды кене шаққан. Зардап шеккендердің 22-сі 14 жасқа толмаған бала. Энцефалит ауруына шалдықты деген күдікпен медициналық көмекке 7 ересек пен 3 бала жүгінді.

 

Татьяна Краснова, СҚО бойынша МСЭҚД бөлім басшысы:

-Кене, маса, шыбын-шіркейлерді залалсыздандыру жұмыстары қыркүйек айына дейін жалғасады. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 4 млн 146 мың теңге бөлінген. Барлығы 560 га аумақ дәріленеді.

 

Қауіпті жәндік шаққан жағдайда бірден дәрігерлердің көмегіне жүгіну қажет.

 

Берік Қасен