Облыстық «Үздік медбике» байқауына өңір аудандарынан өз ісінің қас шебері деген атқа лайықты алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы 12 маман жиналды. Уәлиханов аудандық ауруханасының медбикесі Ақмарал Сандығұлова бұл байқауға бірінші рет қатысып отыр. Бұл салада 10 жылдан астам еңбек өтілі бар маман өткен жылы аудан деңгейінде өткен сайысқа қатысып, бас жүлдені жеңіп алыпты.
Сайыс бес кезеңге бөлінген. Алдымен үміткерлердің білімі тест негізінде дайындалған сұрақтар бойынша тексерілді. Байқауға қатысушылар бейнеролик арқылы өздерін таныстырып, әңгімелесуден өтулері тиіс. Төртінші және бесінші кезеңдерде оларға скрининг картасы мен блиц-турнир сыны қарастырылған.
Наталья Воронцова, СҚО медицина қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:
-Бұл шараны 12 мамыр халықаралық мейірбикелер күніне орай өткізіп жатырмыз. Облысымызда білікті медбикелер баршылық. Осы жарыс арқылы мамандарды көпке таныстырып, үлгі етпекпіз.
Осылайша, шараны ұйымдастырушылар өңірдегі медбикелердің кәсіби біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуларын көздепті. Сайыстың қорытындысына сәйкес өз ісінің үздік маманы атанған жеңімпазға сертификат табыс етілмек. Жалпы медициналық колледжден жыл сайын 300-дей жас маман түлеп, облыс пен қала емханаларында қызмет етуде.
Бақыт Сәдуақасов