Спорт

Петропавлда “Қазақстан барысының” үшінші кезеңі өтеді

 

«Қазақстан барысы» республикалық турнирінің 3-ші кезеңіне дайындық мықтап қолға алынған. Қазір шараның өту барысы егжей-тегжейіне дейін пысықталуда. Маңызды дода алдында спортшылар қауымы баспасөз мәслихатында бас қосты.

 

Бауыржан Құлжанов, сайыстың бас төрешісі:

– Бүгінгі күнге дейін сайыстардың аудандық, қалалық кезеңдері өтті. Өзім қатысып, төрелік еттім. Жақсы деңгейде болды. Ешбір кемшіліктер байқалмады. Төрешілер мен спортшылар сақадай сай. Ертеңгі дода да ойдағыдай өтеді деген ойдамын.

 

Соңғы кездері күрестен еліміздің басты сынына деген қызығушылық артып келеді. Жыл санап қатысушылар саны көбеюде. «Қазақстан барысы» сайысының 2-ші кезеңінде солтүстікқазақстандық 900 күресші бақтарын сынаған. Солардың тек 32-сі ғана ертең Петропавлдың басты алаңында өтетін аламанда күш сынады.

 

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Жүлде қоры ауқымды. Бірінші орын – 300 мың, екіншіге-200 және үшінші орын алған балуанға 100 мың теңге беріледі. Сондықтан сынға түсетіндер жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамын.

 

Ал жарыста алдына жан салмаған балуан өңір намысын Астанада өтетін “Қазақстан барысы” турнирінің республикалық кезеңінде қорғайтын болады.

 

Марат Шәмшінұров, Бүкіләлемдік қазақ күресі қауымдастығының бірінші вице- президенті:

– 7 облыста өтті, жалпы 33 балуан қатысады. Әр өңірден 2 күрескерден болады.

 

Жарысқа қатысушылардың ұлты, қандай күрес түрімен айналысқаны маңызды емес. Бастысы физикалық дайындығы жақсы болғаны жеткілікті. Айта кету керек, “Қазақстан барысы” осымен 4-ші рет өткізілгелі отыр.

 

Мағжан Ахмадина