Қоғам

“Таза су қоймасы” акциясы

 

 

Пестрое көлінің маңайында өткен жылғы демалушылардан қалған қағаз, бөтелке, целлофан шашылып жатыр. Суға шомылғандар тіпті киімдерін тастап кетіпті. Бұл жерді балық инспекциясының мамандары мен колледж студенттері жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде келіп жинап кетеді екен. Міне, мынау қалдықтарды олар 60 шаршы метр аумақтан жинаған.

Тазалық жұмыстарына қалалық гуманитарлық-техникалық колледжден 30 шақты студент  тартылды. Олар Пестрое көлінің маңынан 4 тоннаға жуық қоқыс шығарды. Бұл “Таза су қоймасы” акциясы Қазақстандағы экологтар күніне орайластырылған.

Бүгінде облыста 200-ден астам су қоймасы жалға берілген. Олардың көпшілігі дәл осындай жағдайда. Бүгінде жалға алушылар тазалық айлығы аясында өзен-көлдердің маңайын күл-қоқыстан арылтып жатыр. Десек те жұмыс күші жеткіліксіз екен.

 

Григорий Петрушевский, СҚО бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

-Бұл қоқыстар қоршаған ортаны ластап қана қоймай, көлдегі су жәндіктеріне зиянын келтіріп жатыр. Мұның бәріне демалушылар кінәлі. Оған қоса тұрғындар балық шаруашылығына қолайлы су тоғандарында көліктерін жуады. Балықшылар да өзен-көлдерде қытайдың сапасыз ауын тастап, табиғатқа үлкен залал келтіріп жатқанын сезінсе де, жаман әдеттен арыла алмай жүр.

 

Тазалық айлығы 5 маусымға дейін жалғасады.

 

Берік Қасен