Білім

“Мәңгілік полк” акциясы

 

“Мәңгілік полк” акциясына бірінші гимназия оқушылары ыждахаттықпен дайындалуда. Сабаққа олардың әрқайсысы өздерінің соғысқа қатысқан аталарының суреттерін ғана емес, сонымен қатар наградаларын да алып келіпті. Көбі ұрпағының бейбіт күнде өмір сүрулері үшін етігімен су кеше жүріп, отанын жаудан арылтқан бабалары жайында тек үлкендердің әңгімелерінен ғана естіп білген.

Жеңіс күніне арналған шеруге қатысушы қарт майдангерлер қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Ал бақилық болғандарды өскелең ұрпақ жадында мәңгілік қалдыру үшін ТМД мен біздің елімізде арнайы қозғалыс құрылған болатын. Оның барысында 9 мамырда қозғалысқа қатысушылар қалалардың орталық көшелерімен өмірден озған   соғыс  ардагерлерінің фотосуреттерін алып өтеді. Аталмыш шара осы жылдан бастап бізде де қолға алынып отыр.

Қазір бірінші гимназия оқушылары бақилық болған бірқатар солтүстікқазақстандық майдангерлердің портреттерін әзірлепті.

 

Ольга Косова, Петропавл қалалық бірінші гимназияның мұғалімі:

-Өскелең ұрпақ, бейбіт күнде өмір сүрсе де 1941-1945 жылдардағы нәубеттен хабардар болулары керек. Акцияның мақсаты – жастарға үлкенге құрмет деген қағиданы ұғындыру. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қастерлеу бірінші орында тұруы тиіс. Бүгінгі тірлігіміз сол жандардың арқасы.

 

9 мамыр жеңіс күні мерекесінде бірінші гимназия оқушылары қала көшелерімен 150-ге жуық майдангердің портреттерін алып өтпек.

Самат Есмағи