Билік

1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

 

Орталық алаңда өткен мерекелік шараны тамашалауға жиылғандардың қарасы қалың. Олар Жұмабаев көшесінен бастау алған этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерінен құрылған салтанатты шеруді осы жерде қарсы алды.

Бұдан соң алаңға жиылғандарды Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесімен өңір басшысы Самат Ескендіров құттықтады.

Еліміздің бүгінгі таңдаған жолы – бейбітшілік пен келісім жолы. Тұрақтылық пен келісім біздің басты жетістігіміз болуы керек. Қазақ жесірін жылатып, жетімін сыртқа теппеген халық. Бәлкім сондықтан да болар ата-бабаларымыз сонау қиын шақтарда жер ауып келген өзге ұлт өкілдерін, бөлектемей, керісінше баурына басты. Осылайша олар өзге елді жатсынбай тамыр жайды. Қазақстандағы бүгінгі 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар солардың мәуелі жемісі. Олардың әрқайсысы егеменді елімізді өздерінің екінші отаны деп түсінеді.

1-мамыр мерекесінің тарихы терең. Оның тойланып келе жатқанына 100 жылдан асты. Ал еліміз егемендік алғалы бері аталмыш дата бізде Қазақстан халқының бірлігі күні деп аталып өтілуде. Биыл оған 19 жыл толып отыр. Айтулы мейрам баршамызға ортақ, татулық пен тыныштық орнаған отанымызда халықтар достығы мәңгілік жасай берсін. Бұл солтүстікқазақстандықтардың тілегі.

Бүгінде тәуелсіз Қазақстанымыздың әлемдік аренада өзіндік орны бар. Алдыңғы қатарлы мемлекеттермен терезе  теңестірдік. Оған отанымызды мекендеген әр ұлт өкілдерінің тамшыдай болсын үлесі бар. Олармен көк аспанымыз, жеріміз бен суымыз, ауамыз ортақ. Демек салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз де солай болуы тиіс. Салтанатты жиын соңын жалғастырған мерекелік концерттің де меңзегені осы.

Бұдан соң облыс әкімі мен салтанатты шараның құрметті қонақтары Қазақстан Конституциясы көшесін бойлай орналасқан этно-мәдени бірлестіктердің шағын ауылын аралады. Ондағы қойылған жәдігерлер мен тағам түрлерінен әр халықтың салт дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат алуға болады.

Мына стендттерден облысымыздағы кәсіпорындар мен өнеркәсіптердің тарихынан сыр тарқатар мол мағлұмат алуға болады. Оны облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырыпты. Осылардың бәрін тамашалап өткен өңір басшысы Тәуелсіздік стеласына аялдап, әрқайсысы өз ұлтын паш еткен қаладағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен естелік суретке түсті.

 

Самат Есмағи