Қоғам

Сәуірдің 30-ы еліміз бойынша “Өз ісіңді баста” атты республикалық акция өтті

Исатай Тайманов М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де қаржыгер мамандығы бойынша сырттай білім алып жатыр. Жас та болса, өз ісін ашқанына 3 жылдан асқан. Ол маусымдық. Десе де кәсібінен пайда да жоқ емес көрінеді. Жас кәсіпкердің “Өз ісіңді баста” атты республикалық акция шеңберінде ұйымдастырылған семинарға қатысудағы мақсаты- бизнес жайлы өзіндік көзқарас шеңберін кеңейту.

Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Алайда өз ісіңді өркендетуде кездесетін қиындықтар да жоқ емес. Олардың дені «Нұр Отан» өкілдері жүргізген сауалнама барысында анықталыпты. Осы олқылықтардың алдын алу тұрғысында көшбасшы партия “Мықты бизнес – қуатты мемлекет” атты жобаны жүзеге асыруда.

 

Гюлага Илдрымов, облыстық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер:

-Көшбасшы партия бастамасымен қолға алынған жобаның мақсаты отандық кәсіпкерлерге өз ісін жүргізуде қолайлы жағдай жасау. Бүгінгі семинар-кеңеске жастарды шақырудағы мақсатымыз – оларға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету. Ертеңгі күні осылардың арасынан белді бизнесмендердің шықпасына кім кепіл.

 

Даму қорының мұрындық болуымен өткізілген семинар-кеңеске қатысқандардың дені жастар. Шара барысында мамандар оларға бизнесті бастау тұрғысында ақыл-кеңес беріп, сауалдарына жауап қайырды. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау тұрғысындағы мемлекеттік бағдарламалардан құлағдар етті.

 

Самат Есмағи