Қоғам

Қазақстан халқының бірлігі күні теріскей төрінде де ауқымды түрде аталып өтпекші

 

Данаш Хамзина, тілші:

– Қазіргі уақытта орталық алаңда мерекеге арналған дайындық жұмыстары жүргізілуде. Міне, мұнда сахна да құрылып қойған. Бұл жерде дәл мамырдың 1-і күні өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсететін болады. Тұрғындар мен қала қонақтары бейсенбі күні Қазақстан Конституциясы көшесінде серуендеп жүріп, сахна алдында бір сәтке болсын аялдап, тамаша концерттің куәсі бола алады.

 

Концертті жайғасып тамашалаймын дегендерге орындықтар қойылған. Той-думанның қызатын ортасы осы жер болса, жалғасы мәдениет және демалыс саябағына дейін жетеді. Ең бастысы, ортақ қуаныш болғаннан кейін 1 мамырдың мерекелік шарасынан ешбір ұлт өкілі шет қалмақ емес.

 

Әлия Бисенова, Петропавл қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Таңғы сағат 10.30 кезінде М.Жұмабаев көшесінен К.Сүтішев көшесі арқылы негізгі сахнаға дейін облыстың ұлттық-мәдени орталықтары, білім беру мекемелері мен жастар ұйымдары өкілдерінен құралған мерекелік шеру өтеді. Бұдан кейін өңір басшысы Самат Ескендіровтің қатысуымен мереке салтанатты түрде ашылмақ.

 

Сахнадан әрі қарай этноауыл қанат жаяды. Ұлттық-мәдени бірлестіктердің ұжымдары өздерінің ұлттық киімін, аспаптары мен қолөнер бұйымдарын паш етеді.

 

Әлия Бисенова, Петропавл қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Сондай-ақ, “Достық дастарханы” деп аталатын шара барысында түрлі ұлттық тағамдардан дәм татуға болады. Жабаев және Парковая көшелері Бірінші мамыр – тарих беттері” деген атаумен фотоколлаж ұйымдастырылады. Яғни, суреттерде 1 мамыр мерекесінің әр жылда қалай тойланғаны көрініс табады.

 

Облыс орталығының кішкентай тұрғындары үшін де саябаққа кіре берісте үлкен қуыршақтар мен аниматорлардың қатысуымен ойын және шығармашылық көрме, суреттер байқауы ұйымдастырылады. Ал, білекті ересек азаматтар күштерін спорттық ойындарда сынайды. Бұл күні “Ұлт бірлігі-ұлы байлық” деген атаумен концерт өтеді.

 

Данаш Хамзина