Қоғам

Петропавлда “Елімнің тағдыры – менің тағдырым” облыстық форумы өтті

Келесі жыл еліміз үшін тарихи даталарға толы болмақ. Мәселен, Ұлы Жеңіске – 70, тың игеруге – 60, ал Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толмақ. Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов ел үшін маңызы зор ауқымды шараларды бәріміз жұмылып теріскейде кеңінен атап өтуіміз қажет деді өз сөзінде. Сондай-ақ, форумға жиналғандарды облыс әкімі Самат Ескендіровтың атынан 1 Мамыр бірлік күнімен құттықтады.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– “Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады” – дейді дана қазақ халқы. Бірлік пен достықтың мекеніне айналған Қазақстанымыз жылдан-жылға өркендеп қанат жайып келеді. Елімізде тұратын ұлттар мен ұлыстардың көп бөлігі сонау тыңға түрен салу жылдарында Қазақстанға қоныс тепкен. Біразы репрессия жылдары қуғын-сүргінге түсіп, жер аударылған. Қазір олардың бала-шағасы мен немерелеріне біздің ел құтты мекенге айналған.

 

Аққайың ауданына қарасты «Дайындық» шаруа қожалығында бүгінде 10-нан астам ұлттың өкілдері бірігіп ауыл шарушылығын дамытып жатыр. Серіктестікті 18 жылдай Біржан Шәймерденов басқарып келеді. Бүгін ол “СҚО ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп  кешеніне инновацияны енгізіп, дамытуға қосқан үлесі” үшін дипломымен марапатталды.

 

Біржан Шәймерденов, «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

-Биыл 3 бригада қысқы мал қорасын салып жатыр. Одан басқа біз жылда үйлер саламыз. Осы 18 жылда 18 үй тұрғыздық. Және біздің алып жатқан техникамыздың бәрі жаңа. Жылда техникаға 1 млн. теңге ақша жұмсаймыз. Биылғы жылы “Пронта” деген егу кешенін алдық. Ондайды ел бойынша ешбір аграрий әлі сатып алған жоқ. Қазір 600 бас ірі қара бар. Оның 100-і сауын сиыр.

 

Облыс экономикасының дамуына белсенді үлес қосқан тағы 2 адам құрметке бөленді. Оның бірі «Үздік адам», «Энциклопедия батыры» деген төс белгілері бар Зарап Нұрманқұлов.

 

Зарап Нұрманқұлов, Шал ақын ауданының құрметті азаматы:

-20 жылдай ауыл шаруашылығында, тағы 20 жылдан астам Сергеевка қаласындағы халық банкінде қызмет атқардым. Әсіресе 90-93 жылдары ақшаны реформалауда көп қиыншылықтар көрдік. Тіпті халыққа беретін қолма-қол ақшамыз болмай қалатын кездер болатын. Оның бәрі артта қалды, енді қайталанбайды деп ойлаймын. Қазір заманымыз өзгеріп, халықтың тұрмысы жақсарды.

 

Қошеметке бөленген тағы бір жерлесіміз Бақыт Нұркин еңбек жолын 1960 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Буденное селосында есепші болып бастаған. Осы салада 10 жыл жемісті еңбек етіп, одан аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарған. 54-57 жылдары тың игеруге қосқан үлесі үшін бірнеше медалі бар.

 

Бақыт Нұркин, Ғ.Мүсірепов ауданының құрметті азаматы:

-Міне, еліміз егемендік алғаннан кейін сол еңбектерімнің барлығы ақталып жатыр. Бұрынғыдай емес, еліміздің әл-ауқаты жақсарды.Мұның бәрі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың арқасы. Біз сол кісінің бастамаларын әрдайым қолдап жүреміз. Және бұрынғы білгенімізді жастарға өнеге етеміз. Олардың келешегі бізден де жақсы болатынына көзім жетеді.

 

Одан бөлек “Белсенді азаматтық ұстанымы”, “Жастарға патриоттық және рухани тәрбие беру, білім және ғылымды дамытуға қосқан үлесі” аталымдары бойынша бірқатар жерлесіміз марапқа ие болды.

 

Берік Қасен