Мәдениет

Бірлігі жарасқан отбасы


 

Әрбір отбасы  – шағын мемлекет. 22 жыл бойы өз мемлекетінің іргесін берік ұстаған Гатамовтар отбасы өте тату жанұялардың бірі. Өрімдей ұл мен қыз тәрбиелеп отырған Мушвиг пен Светлана Гатамовтардың бүгінде өздерінің дөңгелеткен жеке істері бар екен. Мушвиг Гатамовтың айтуына қарағанда ол 10 жасынан бастап болашақ өмірін Қазақстанмен байланыстырған.

Мушфиг Гатамов:
– Мен өзімді Қазақстанның жергілікті тұрғыны ретінде санаймын. 10 жасымнан осында тұрамын. Менің барлық саналы ғұмырым осы жерде өтті. Қазақстанда отбасын құрдым, өзімнің екінші жартымды таптым, екі баламыз бар. Барлық айналадағы адамдармен өзара ынтымақтастық пен татулықта өмір сүрудеміз. Бәрі жақсы.

Мушфиг пен Светлана тәрбиелеп өсірген ұлы мен қызы ата-ана үмітін ақтап өсіп келеді. Ұлдары Рустам Назарбаев университетінің 2 курсында оқыса, қызы Диана «БЭСТ» гимназиясының 8 сыныбында. Ағасын өзіне үлгі санайтын ол болашақ мамандығын медицина саласымен байланыстырғысы келеді екен.

Диана Гатамова:
– Меніңше Қазақстанда білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт бар. Мен қанша ұлттың тілін оқып, мәдениетімен таныса аламын. Меніңше бұл өте жақсы.

Шаңырақтың шырайын кіргізіп отырған аяулы жар Светлана Гатамова отбасындағы бақыттың кілті – оның ұйымшылдығы мен татулығында дейді. Ал Қазақстан халықтарының достығы күнін дастархан басында достары мен туысқандарының ортасында атап өту дәстүрге айналды дейді.

Светлана Гатамова:
– Біз үшін бұл мерекенің маңызы өте зор. Біз әрқашан бұл күні достарымызбен дастархан басында жиналамыз. Орталық алаңға шығып, мерекені тамашалаймыз.

Екі ұлттың өкілдерінен құралған отбасы бірліктің айнасы іспеттес. Көпұлтты жанұя мүшелері өмірде ең бастысы адамдардың арасындағы түсіністік дейді.

Әспет Әбдірешова