Құқық қорғау органдары

Бұзақылар екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

 

Шам бағанасын қалалық саябақта серуендеп жүрген 3 бозбала жұлып алған. Айыптылардың айтуларынша, олар көңіл көтеру үшін жарықтандыру құралын оңды-солды шайқаған. Аспалы шамға кигізілген қақпақтар да жерге құлап, жарамсыз болып қалыпты.

 

Күдікті:

-Достарыммен кездестім. Біз ащы судан ұрттап, кейін саябаққа қыдыруға барған болатынбыз. Онда бірнеше шамдарды зақымдап, орындықтарды аударып кеттік.

 

Көп ұзамай қолға түскен бұзақылар ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылды. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жылдың жайма-шуақ уағында вандализм әрекеттері жиілей түсетіндіктен, құқық қорғаушылар қоғамдық орындардағы қауіпсіздік шараларын күшейтеді.

 

Сайран Саркенов, Петропавл қаласының ІІБ әкімшілік полиция бөлімі басшысының орынбасары:

-Петропавл қаласы ІІБ басшылығы жаз уақытында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту тапсырмасын қойды. Әсіресе түнгі уақытта қалалық саябақтағы қоғамдық қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстайтын боламыз.

 

Күдіктілер бұзақылық жасағандары үшін 200 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді немесе 2 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

 

Бақыт Сәдуақасов