Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы

 

 

2010 жылы облысымызда “Ұрпақ қоры” бағдарламасы қолға алынған болатын. Жоба арқылы өңіріміздегі туу көрсеткішін 5 жылдың ішінде мың адамға шаққанда 22-ге дейін жеткізу жоспарланған. Сонда жылына 14 мың сәби дүние есігін ашады деп межеленіп отыр. Тың бастама жүзеге асқалы көпбалалы жанұялар 775 сәбимен толықты. 2585 балғынға арнайы депозиттер ашылды. Екі жылда облыс қазынасынан бұл мақсатқа 746 млн теңге бөлінген. Кәмелет жасына толған 66-сы есепшоттарынан өздеріне тиесілі 16,1 млн теңгені алып үлгерді. Биыл игі істі қаржылауға 208,6 млн теңге қарастырылыпты.

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:
– Облыста көпбалалы отбасылардың қатары артып келеді. Былтыр 2010 жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға өсті. Ал 2009 жылға қарағанда 4-ші бала туған отбасылардың қатары 34,5% артты.

Өңір басшысы облыс орталығы мен аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсуді тапсырды. Әсіресе ана мен сәбидің денсаулығына баса назар аударып, өлім-жітімді мейлінше қысқарту керектігін айтты.
   Сондай-ақ отырыста 2011-2015 жылдарға бағытталған облысты дамыту бағдарламасының жүзеге асу барысы талқыланды.

Аида Балабаева, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
– Мониторинг көрсеткендей облысымыздың өндіріс саласы 7,2% өсіп, 2011 жылы 109,2 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Ауыл шаруашылығындағы өндірілген астықтың көлемі 58,9 пайызға артқан. 98,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп құрылыс көлемі 95,4% көтерілді. 265 шақырым ауыз су құбыры жаңартылды.

Серік Біләлов бағдарламаның 6 бағытын жетілдіре түсу керектігін алға тартты. Жиында облысымызда шағын және орта бизнестің үлесін арттыру мәселесі де талқыланды.

Тотыкамал Құлжанова, облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы: 

– Бүгінде облыс нарығында 21649 шағын және орта бизнес субектілері тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға артық. Былтырғы 2 айдың өзінде жеке кәсіпкерлер 23 млн 285 мың теңгенің тауарын шығарды. Шағын кәсіпкерлікте 100 мыңға тарта адам тұрақты еңбекпен қамтылған.

Өңір жетекшісі нарыққа мықтап беку үшін біріншіден кешенді түрде халықаралық талаптарға жауап беретін кәсіпорындардың қатарын арттыруға басымдық беру керектігін алға тартты. Кәсіпкерлікті дамыту үшін біркатар міндеттер жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қала және аудан әкімдеріне “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамыту керек. Жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашатын азаматтарға қолдау көрсетілуі тиіс. Мемлекет оған барлық жағдай жасап отыр. Жеңілдетілген несие берілетін бағдарламалар баршылық. Соны тиімді пайдаланып қалуымыз керек.

Аталған тапсырмалардың жүзеге асуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновке тапсырылды.

Жеңіс Ермұқанов