Қоғам

Ардагерлер кеңесінде Жеңіс күніне әзірлік жайы талқыланды

 

Ұлы жеңістің 69 жылдығын тойлауға аз ғана уақыт қалды. Ал ендігі жылы сол зұлматтың аяқталғанына 70 жыл толмақ. Сондықтан осынау жарқын мерекеге дайындықты бүгіннен бастау керек. Маңызды шара қарсаңында өңір жетекшісі Самат Ескендіров тағы бір мәрте ардагерлермен кездесіп, оларда туындап жатқан мәселелерді пысықтап өтті. Алдағы уақытта жеңісті жақындатқан майдангерлеріміздің тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін әрқайсысына 100 мың теңгеден астам қаржы қарастырылмақ.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Біз соңғы 5 жылда ардагерлерге баспана бердік. Ол үйлер әлі жаңа. Облыс орталығында ондай көмекті 60- тан астам ардагер алды. Сондықтан олардан өзге, әсіресе жер үйлерде тұратындарға көмек көрсетілетін болады.

 

Бұдан өзге көпті көрген қариялар Жеңіс саябағын қалыпқа келтіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін де айтты. Ал 70 жылдық қарсаңында онда стела орналастыру көзделуде. Облыс орталығындағы Кеңес Одағы батырларының атымен аталған көшелердің көбін жастар білмейтін көрінеді. Сондықтан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь оларға майдангерлердің ерліктері жазылған тақтайша орнату қажеттігін айтты. Бүгіндері өңірімізде көзі тірі 334 ҰОС ардагері бар екен. Соларға деген құрмет-қошеметті арттыру, қоғамдық орындарда көптеп ескерткіштер орнату сынды шараларды қазірден бастап қолға алу туралы да мәселелер қозғалды.

 

Ескендір Елеусізов,СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Бүгіндері соғыстан қайтқан майдангерлердің өзі азайып барады. 1,5- 2 жыл бұрын облысымызда 700-ден астам ардагер болса, қазір олардың 50 пайызы ғана калған. Сондықатн ардагерлер ұйымдары барлық ҰОС қатысқандардың есімін ескерткішке жазып қою қажет деген ұсыныс айтылды. Бұл дұрыс деп ойлаймын.

 

Бұл ұсынысты аймақ басшысы қолдады. Өйткені жерімізді қорғап қалған батырларымыздың есімі ел есінде мәңгі сақталып қалу қажет. Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе ол тың игерудің 60 жылдығын атап өту. Бұл да еліміз үшін маңызды дата. Сондықтан оны тойлау Тимирязев ауданы, не Петропавл қаласында болу керек деген пікір айтты ардагерлер кеңесінің мүшелері. Өз кезегінде өңір жетекшісі бұл мәселелерді әлі де болса талқылайтындығын жеткізді. Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің атынан облыс әкіміне кітаптар сыйға тартылды. Бұдан соң ақсақалдар ұйымдарының 27 жылдығына орай, орталық ардагерлер кеңесі президиумының атынан бірнеше белсенді аға буын өкілі марапатталды. Солардың қатарында – Армия Әбілқайыров та бар.

 

Армия Әбілқайыров, Айыртау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Ардагерлер не көрмеді. Соғысқа барды,тың игеру жылдарында еңбек етті. Сондықтан ардагерлер жастарға үлгі. Жастарды патриотизмге үйрету керек. Елбасы айтқандай «Мәңгілік ел» болуға ұмтылу керек..

 

Өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосқан аға буын өкілдері, әлі де болса, сарқылмайтын кеңестерін жастарға беруде аянып қалмайтындықтарын тілге тиек етті.

 

Мағжан Ахмадина