Қоғам

Петропавлдағы Қазақ мектеп-гимназиясында үй жануарларының көрмесі өтті

 

Қазақ мектеп-гимназиясында бүгін түстен кейін оқушы біткеннің көңілі үзіліс кезінде жұдырықтай ғана жануарларға ауды. Олар – қос тотықұс, қос тасбақа мен бұғып жатқан сүйкімді Сібір мысығы. Көрмеге қойылған жануарлар санаулы болғанымен әркім өзінің үйдегі сүйікті деген кішкентай досын әкелген екен.

Міне, мына тотықұстың аты – Кеша. Томиристің айтуынша, қанатты серігі сорпа ішіп, алма жеп, шекілдеуік шаққанды ұнатады екен.

Ал, Әділ Мәкішке тотықұсын Жаңа жылға ата-анасы сыйлапты. 2 жылдың ішінде қанатты досыма әбден бауыр басып қалдым дейді. Құс жайлы ақпарат жинау бойынша біраз ізденген екен.

Меруерт Байматтың тасбақасын балалар біраз қызықтады. Асты жұмсақ әрі жайлы, алдында – орамжапырақ. Оған жасалған жағдайға қарап Меруерттің әжесімен бірге тасбақаны ерекше күтетіні көрініп тұр. Тасбақаны жуындырып, уақытымен тамақтандыруға кішкентай сіңлісі Айзада да көмектеседі екен. Тіпті, өзі бағып-қағатын тасбақа туралы, мынадай плакат жасап әкеліпті.

Ал, мына Маришка есімді Сібір мысығы мектепке екінші рет келіп отырғанымен қатты жатырқауда. Тіпті, сөмкенің ішіне қайта-қайта тығылып, балалардың сипағанына сыр берер емес.

Қазақ мектеп-гимназиясы мұғалімдерінің айтуынша мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы бар. Мектепте мұндай шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақшы.

 

Данаш Хамзина